logo

Қарағандыда қолғап киілген хикая: «Тренер Аға» телехикаясының түсірілімі басталды

Қарағандыда қолғап киілген хикая: «Тренер Аға» телехикаясының түсірілімі басталды

Қарағанды шахтасынан - рингке, темірмен ширыққан өңірден - темір жұдырықты телехикаяға. Unico Play онлайн-кинотеатры отандық көрерменге арналған жаңа жобасын таныстырды. «Тренер Аға» - кәсіпқой бокс туралы түсіріліп жатқан алғашқы қазақстандық телехикая. Басты сахна - Қарағанды мен Пришахтинск. Яғни, ер жүректі еңбектің елі.

Жоба – бір күнде туған жоқ. Жылдар бойы піскен, жан мен жүрек сүзгісінен өткен идея. Соңында жұдырықтың тілімен сөйлейтін, рухтың жолымен жетелейтін тақырып - бокс таңдалды.

«Бокс - біздің ұлттың мінезіндей. Сабырлы, бірақ соққысы ауыр. Қазақстан осы спорт түрінен Олимпиадада бірнеше рет әлемдік үздік бестікке енді. Бірақ осы күнге дейін бапкер мен шәкірт арасындағы сенім, жаттығу залындағы күнделікті өмір көркем дүние болып көрініс таппады. Біз осы олқылықтың орнын толтырғымыз келді», - дейді жобаның авторы әрі бас продюсері Анара Жүнісова.

Сюжеттен үзінді:

Әкесінің жерлеуіне келген Дархан - бұрынғы боксшы. Туған қаласына оралып, әкесі аманаттаған ескі залдың шаңын сүртеді. Арманы - балаларды чемпион ету. Бірақ жаттығу залының есігін ашқаннан, тағдыр есігін теуіп кіреді. Қылмыстық топтар, кедейлік, ішкі қақтығыс, айналадағы сенімсіздік - бәрі де Дарханды шаршатады. Бірақ ол тек рингте емес, өмірде де нағыз «тренер аға» атану жолында күреседі.

«Біз бұл жобада пафостан аулақ болдық. Драма мен шындықтың арасында тепе-теңдік сақтадық. Көрермен қазіргі таңда көшеден шыққан батырды іздейді. Телехикая осы іздеуге жауап береді. Бұл - тәртіп, еңбек және азаматтық тұлға туралы хикая», - дейді бас продюсер Василий Куценко.

Жобаның ерекшелігі:

Қазақстанда кәсіпқой бокс басты тақырып болған алғашқы телехикая. Бұл - көше төбелесі емес, спортты өмір салты еткен жандар жайлы шынайы дүние.

Түсірілім Қарағанды мен Пришахтинскідегі шахта мен зауыттардың жанында өтуде. 

Жобаға жас актерлер, бокстан чемпиондар, Олимпиада жеңімпаздары шақырылған. Яғни, кадрда да, кадр сыртында да спорттың шынайы рухы бар.

Режиссер кім?

Бейбіт Өнер - жас, бірақ тәжірибелі. Бұған дейін «Qarga» веб-сериалы мен «Бешбармақ» фильмін түсірген. Өзі де Қарағанды ауласында өскен. Сондықтан бұл жоба - оның өмірінен алыста емес.

«Мен үшін «Тренер Аға» - спорт жайлы хикая емес. Бұл - тірек іздеген жасөспірімнің үнін естіртудің жолы. Қайғы мен үміттің арасында қалып, арман арқылы аман қалған баланың тарихы. Мен ондай көшелерді білем. Сол көшеден шыққан арман қалай жан сақтайтынын да білем. Біздің сериал - сол жайлы», - дейді режиссер Бейбіт Өнер.

Unico Play бұл жоба арқылы отандық контентке жаңа тыныс беруді көздейді. Ал көрермен - шындыққа суарылған, жұдырықпен емес, жүрекпен түсірілген туындыға куә болмақ.

«Тренер Аға» телехикаясының тұсаукесері 2025 жылғы күзге жоспарланған. Тек Unico Play платформасында эксклюзив ретінде көрсетілмек. 

Қарағандыда қолғап киілген хикая: «Тренер Аға» телехикаясының түсірілімі басталды



Күн шежіресі