logo

Нурмустафинованың соңғы матчы Sport+ эфирінде

Нурмустафинованың соңғы матчы Sport+ эфирінде

2025 жылғы 3 мамырда Қазақстан футболы жарқын әрі тарихи тұлғамен қоштасады – еліміздің Премьер-лигасы матчына төрелік еткен алғашқы әйел Эльвира Нұрмустафина төрешілік мансабындағы соңғы ойынын өткізеді.

Эльвира төреші ретіндегі мансабын аяқтайтын матч – Премьер-лиганың 7-турындағы «Жеңіс» пен «Ақтөбе» арасындағы кездесу болмақ.

Эльвира 1985 жылдың 7 тамызында Теміртауда дүниеге келген. Ол төрешілік қызметін 2008 жылы бастап, 2010 жылдан бастап FIFA төрешісі мәртебесін алды. 2013 жылы оған халықаралық категория берілді және сол уақыттан бастап ол Қазақстан атынан көптеген ірі халықаралық турнирлерде төрешілік етті. 2017 жылы Нұрмустафина ерлер арасындағы кәсіпқой футболда дебют жасап, 2021 жылдың 3 шілдесінде Қазақстан Премьер-лигасының матчын басқарған алғашқы әйел төреші ретінде тарихқа енді – ол «Жетісу» мен «Қызыл-Жар СК» арасындағы ойынға төрелік етті.

Мансабында ол бірнеше мәрте халықаралық деңгейде қызмет етті – атап айтқанда, Беларусьтегі 17 жасқа дейінгі қыздар арасындағы Еуропа чемпионатының финалдық кезеңі мен Шотландиядағы 19 жасқа дейінгі қыздар арасындағы Еуропа чемпионатында, сондай-ақ 2019 және 2023 жылдардағы әйелдер арасындағы әлем чемпионатына іріктеу матчтарында төрешілік етті. 2022 жылдан бастап Эльвира Премьер-лига ойындарында VAR төрешісі ретінде тұрақты түрде қызмет етіп, өзінің әмбебаптығы мен жоғары біліктілігін дәлелдеді.

«Жеңіс» – «Ақтөбе» матчын тікелей эфирде Sport+ телеарнасы көрсетеді.