Мұхаммад Амантаев: Менің мақсатым – ата-анамды қамтамасыз ету, сондықтан жақсы ұсыныс болса, дайынмын
Мұхаммад Амантаев қазіргі таңда Дана Уайттың Power Slap лигасының жеңіл салмақ рейтингіндегі ТОП-10 спортшының қатарына кіреді. 23 мамыр күні ол қытайлық Жаомен жекпе-жек өткізіп, NAIZA лигасында дебют жасауға дайындалуда.
Sport+ арнасына берген сұхбатында Мұхаммад дайындығы мен алдағы жоспарлары жайлы айтты:
— Біздің жекпе-жек тек қолмен өтеді, күрес болмайды. Дайындықты Астанада бапкер Еламан Бүтінбаевтың жетекшілігімен өткіздім. Негізінен салмақ қудым, себебі бастапқы салмағым 84 келі болды.
— Сіз Power Slap лигасындағы жеңісті дебюттен кейін танымал бола бастадыңыз. Дана Уайт лигасындағы болашағыңызға қатысты жаңалықтар бар ма?
— Иә, әсіресе Қытайда тез танымал болдым. Ал Қазақстанда аса қатты медиа танымалдыққа ие бола қойған жоқпын. Power Slap лигасының келесі турнирлеріне келсек, әзірге визам жоқ. Егер турнирлер қазақстандықтарға виза қажет емес елдерде өтсе, онда бірінші кезекте кардта боламын.
— Алдағы уақытта ММА-да өнер көрсетуді жоспарлайсыз ба? Әлде шапалақ лигасында мансап құрасыз ба?
— Менің мақсатым — ақша тауып, ата-анамды қамтамасыз ету. Егер жақсы ұсыныстар болса, кез келген жерде өнер көрсетуге дайынмын.
NAIZA 83 турнирін тікелей эфирде Sport+ телеарнасы көрсетеді.