Ливаннан кейінгі сын: «Астана» – «Барсы Атырау» текетіресінің тікелей эфирі
Астанада Ұлттық баскетбол лигасы аясында «Астана» мен «Барсы Атырау» командалары арасында екі матч өтеді.
Елорда баскетболшылары жуырда ғана Ливандағы ұзақ турнеден оралды. Онда олар FIBA WASL лигасы шеңберінде үш матч өткізіп, соңғы екі ойында «Аль Вахдаға» (89:99) және «Аль Риядиге» (57:106) есе жіберді.
Енді Рамунас Цвирканың шәкірттері Ұлттық лигада «Барсы Атырауға» қарсы ойында өз жанкүйерлері алдында кеткен есені қайтаруға тырысады.
Батыс Қазақстандық клуб турнирлік кестеде 24 матчтан кейін 12 жеңіспен 3-орында келеді. Соңғы ойындарын Қостанайда өткізіп, «Тобылмен» ұпай бөлісті — 85:92 және 106:76.
Ал «Астана» Ұлттық лигада 100 пайыздық нәтиже көрсетіп отыр — 20 матчта 20 жеңіс.
Ойындар 25 және 26 ақпанда сағат 19:00–де басталады. Екі матч та тікелей эфирде Sport+ телеарнасынан және sportplustv.kz сайтынан көрсетіледі.