Еркін күрестен әлем чемпионаты басталды: Қазақ балуандары алғашқы күні кілемге шығады

13 қыркүйекте Загребте күрес түрлері бойынша әлем чемпионаты басталады. Алғашқы болып боз кілемге еркін күрес шеберлері шығады.
Бірінші жарыс күнінде 61, 70, 86 және 125 кг салмақ дәрежелерінде бәсекелер өтеді. Қазақстан намысын келесі балуандар қорғайды: Венгрияда өткен соңғы рейтингтік турнирдің қола жүлдегері Асылжан Есенгельді, әлем және Азия чемпионы Нұрқожа Қайыпанов, әлем чемпионатының қола жүлдегері Азамат Дәулетбеков және Олимпиада қатысушысы Алишер Ерғали.
Қазақстандық балуандардың алғашқы белдесулері:
61 келі: Асылжан Есенгельді — Нильс Леутерт (Швейцария)
70 келі: Нұрқожа Қайыпанов — Чэнь Шуан (Қытай) / Питер Джон Дюк (АҚШ) жұбының жеңімпазы
86 келі: Азамат Дәулетбеков — Паулиус Лескаускас (Литва)
125 келі: Алишер Ерғали — Ален Хубулов (Болгария)
Іріктеу кезеңі сағат 13:30–да басталады. Барлық төрт кілемдегі белдесулер sportplustv.kz сайтында тікелей эфирде көрсетіледі.
Финалдық белдесулер 22:00–де басталады. Оларды Sport+ телеарнасынан және sportplustv.kz сайтынан тікелей көруге болады.