Допты хоккейден Оралдың «Ақжайығы» бір ойында 20 шайба соқты

Допты хоккейден жоғары лига командалары арасында бүкілресейлік жарыста өнер көрсететін Оралдың «Ақжайығы» Орынборда «Локомотивпен» екінші кездесуін өткізді, деп хабарлайды Sport+ Kazinform сайтына сілтеме жасай отырып.
Бір күн бұрын оралдықтар қарсыласын 18:5 есебімен жеңген еді. Бұл жолы Николай Шавалдин шәкірттерінің қарқыны тіпті қатты болды. Матч соңында 20:3 есебі тіркелді. Жиырма доптың тең жартысын «Ақжайықтың» сұрмергені, ресейлік Максим Пахомов соқты.
Рауан Исалиевтің еншісінде 3 гол болса, Артем Лапшинге 2, Максим Өтебалиев, Нұрбол Бөкешов, Ершат Амангелдиев, Дәурен Оралов, Иван Захаровқа бір-бір доптан жазылды. Осы ойыннан кейін 27 ұпай жинаған «Ақжайық» екінші топта турнир кестесінде 2-орынға көтерілді.
Батысқазақстандық клуб 14-15 қаңтарда өз айдынында «Ак Барс-Динамо-2» (Қазан) командасын қабылдайды.