Бокстан Азия чемпионаты: Бақыт Сейдіш күміс жүлдегер атанды
Моңғолияның Ұлан-Батыр қаласында бокстан Азия чемпионатында әйелдер арасындағы финалдық жекпе-жектер басталды, деп хабарлайды Sport+ Olympic.kz сайтына сілтеме жасап.
Қазақстан құрамасынан алғаш болып рингке Бақыт Сейдіш (70 келіге дейін) шықты.
Финалда оның қарсыласы үндістандық Арундхати Чаудхари болды.
Бірінші раундта қазақстандық боксшы 3:2 есебімен жеңіске жетті. Екінші үшминуттықтан кейін Чаудхари есепте алға шықты. Жекпе-жектің тағдыры үшінші раундта шешілді.
Нәтижесінде қарсыласы 4:1 есебімен жеңіске жетті. Бақыт Сейдіш Азия чемпионатын күміс медальмен аяқтады.
Айта кетейік, бүгін, 9 сәуірде тек әйелдер арасындағы финалдық жекпе-жектер өтеді. Қазақстан құрамасы тағы екі алтын медальға таласа алады. 80 келіге дейінгі салмақта Надежда Рябец, ал 80 келіден жоғары салмақта Дина Исламбекова сынға түседі.
Фото: Қазақстан бокс федерациясы