Бекзат Орынбасаров: Аш спортшы ғана алға ұмтылады

Болгарияда өткен Әлем Кубогінде 85 келі салмақта топ жарған киокушинкай-кан шебері Бекзат Орынбасаров Sport+ арнасының студиясында сұхбат берді. Әңгіме барысында ол Жаңаөзеннен Алматыға көшкен кезін, спорттағы алғашқы қиындықтарын және табысқа жету жолындағы еңбекқорлығын еске алды.
— Ең алдымен, Жаңаөзеннен Алматыға оқуға байланысты 18 жасымда келдім. Бірақ ниетім әрі қарай спортты жалғастыру болды. Алматы, Астана секілді қалаларда бәсекелестік көп, мүмкіндіктер де мол. Басында оңай болған жоқ, командаға бірден үйренісіп, сіңіп кету қиын, команда да сені бірден қабылдамайды. Солай ақырындап бастадым.
Мысалы, қазір бізге Алматы қаласының, еліміздің намысын қорғағанымыз үшін айлық төлейді, ал ол кезде тегін жаттықтық. Сол себепті мен курьер болып жұмыс істедім. Таңертең университетке сабаққа барып, түсте тапсырыс қабылдап, кешке жаттығуға барып жүрдім.
Соның арқасында жеңіске деген талпынысым да мықты болды — ұтқың келеді, айлыққа іліккің келеді. Біраз жарыстарда бірінші орынға ақша да төлейтін. «Спортшы аш болу керек» деп жиі айтады, мен онымен келісемін. Аш болсаң ғана алға ұмтылып, мақсат қойып, оларға жете білесің. Осы қасиеттердің арқасында қазіргі деңгейге жеттім деп ойлаймын.
Толық сұхбатты төмендегі сілтеме арқылы көре аласыздар.