Астанада 12 жасқа дейінгі теннисшілер арасында Қазақстан кубогы басталды

Астанада 12 жасқа дейінгі теннисшілер арасында Қазақстан кубогы басталды

Астанада 12 жасқа дейінгі теннисшілер арасында Қазақстан кубогының матчтары басталды. Биыл командалық турнир оныншы рет өткізіліп, еліміздің әр өңірінен 16 үздік құрама команданы жинады.

Әр өңірдің командасы үш ұл, үш қыз және екі капитаннан құралған. Жас теннисшілер Қазақстанның үздік теннис өңірі атағы үшін сынға түседі.

Қазақстан теннис федерациясының атқарушы директоры Медет Байкен Қазақстан кубогы жас спортшыларды даярлау және ұлттық құрамалардың болашақ резервін қалыптастыру жолындағы маңызды кезеңдердің бірі екенін атап өтті.

«Биыл Қазақстан кубогы оныншы рет өтіп отыр. Мұнда еліміздің 16 өңірінен үздік жас теннисшілер жиналды. Дәл осындай жарыстарда жаңа есімдер танылады және болашақта елімізді халықаралық аренада таныстыратын Қазақстан құрамаларының резерві қалыптасады.

Бірнеше жыл бұрын бұл турнирлерде Амир Омарханов, Дамир Жалгасбай, Заңғар Нұрланұлы, Даниэль Тазабеков және басқа да болашағынан үміт күттіретін спортшыларымыз өнер көрсетті. Кейін олар Қазақстан атынан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаттарына қатысып, бүгінде халықаралық жарыстарда табысты өнер көрсетіп жүр. Қыздар арасында жақында W15 турнирлерінде қатарынан екі титул жеңіп алған Асылжан Арыстанбекованы атап өтуге болады.

Қазіргі жас буын да осы жерде қажетті жарыс тәжірибесін жинап, болашақта Қазақстанды әлемдік аренада лайықты танытады деп сенеміз. Балалар мен жасөспірімдер теннисін дамыту Федерация жұмысының негізгі бағыттарының бірі болып қала береді. Бұл бағыттағы ауқымды жұмыс Қазақстан теннис федерациясының президенті Болат Жәмитұлы Өтемұратовтың жүйелі қолдауының арқасында жүзеге асырылып келеді. Біз үшін жас спортшылардың тұрақты түрде жарыстарға қатысып, шеберлігін шыңдап, біртіндеп келесі деңгейге көтерілуіне қажетті жағдай жасау маңызды. Қазіргі Қазақстан кубогына қатысып жатқан теннисшілердің арасынан болашақта қазақстандық теннистің жаңа көшбасшылары шығатынына сенімдімін», – деді Медет Байкен.

12 жасқа дейінгі ойыншылар арасындағы Қазақстан кубогының матчтары Астанадағы Beeline Arena Ұлттық теннис орталығының ашық хард корттарында өтуде. Жарыс 22 тамызға дейін жалғасады.

Барлық маңызды спорттық оқиғаларды BeeTV-ден тамашала!