Алматыда «Roland Garros Junior Series» іріктеу турнирі басталды

Алматыда «Roland Garros Junior Series» іріктеу турнирі басталды

Алматыдағы «Gorky Tennis Park» кешенінің топырақ корттарында «Roland Garros Junior Series by Renault – Qualifications West and Central Asia» халықаралық іріктеу турнирінің ашылу салтанаты өтті.

Жарыс Қазақстан теннис федерациясы, Азия теннис федерациясы (ATF) және Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылып, Спорт күніне орайластырылған. Ашылу салтанатында қатысушыларға Алматы қаласы Спорт басқармасының басшысы Дархан Нұрханұлы мен Қазақстан теннис федерациясының вице-президенті Ардақ Әбіжанов құттықтау сөз сөйледі.

«Бүгін мұнда Орталық және Батыс Азияның сегіз елінен келген үздік жас теннисшілер жиналды. Балалар мен жасөспірімдер теннисін дамыту Федерация жұмысының негізгі бағыттарының бірі болып қала береді. Біз үшін жас спортшылардың халықаралық деңгейде жарыстарға қатысып, қажетті тәжірибе жинауына және әлемнің ең беделді турнирлерінде өнер көрсетуге ұмтылуына жағдай жасау маңызды.

Қазақстан теннис федерациясының президенті Болат Жәмитұлы Өтемұратовтың қолдауы мен көпжылдық жүйелі жұмыстың арқасында елімізде жоғары деңгейдегі халықаралық жарыстарды өткізуге мүмкіндік беретін заманауи теннис инфрақұрылымы қалыптасты. Осы турнирді өткізуге білдірген сенімі мен қолдауы үшін Азия теннис федерациясына, Франция теннис федерациясына және Алматы қаласының әкімдігіне алғысымды білдіремін. Бұл жарыс қатысушылардың спорттық дамуындағы маңызды кезеңдердің бірі болатынына сенімдімін. Баршаңызға жарқын матчтар, әділ бәсеке және үлкен жеңістер тілеймін», — деді Ардақ Әбіжанов.

Турнирге Орталық және Батыс Азия елдерінен 16 ұл мен 16 қыз қатысуда. Жарыс қорытындысы бойынша іріктеу кезеңінің жеңімпаздары қазан айында Жапонияда өтетін Roland Garros Junior Series финалдық кезеңінде өнер көрсету құқығына ие болады. Сол жерде Roland Garros 2027 жасөспірімдер турнирінің негізгі кезеңіне берілетін жалғыз жолдама сарапқа салынады.

Биыл Париждің аты аңызға айналған топырақ корттарында өнер көрсету мүмкіндігі үшін күресті жалғастыруға Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Иордания, Иран, Сауд Арабиясы, Түрікменстан және Сирия өкілдері таласады.

Қазақстан атынан өз алаңымыздағы турнирде Родион Трайгель, Диас Түлепбергенов, Бексұлтан Бауыржанов, Иван Бондаренко, Амина Нұрмахан, Линара Булешева, Алуа Марат және Влада Кузьменко өнер көрсетеді.
 
Барлық маңызды спорттық оқиғаларды BeeTV-ден тамашала!