«Астана» отандық футболдың басты таланттарының бірін қатарына қосты

Жартылай қорғаушы Бауыржан Исламхан жыл соңына дейін «Астана» футбол клубымен келісімшартқа қол қойды, деп хабарлайды Sport+.
Исламхан астаналық командада бұған дейін де, 2013 жылы жарты маусымда 8 ойын өткізіп, өнер көрсеткен болатын.
«Қазір Бауыржан өзінің оңтайлы бабынан алыс екенін жақсы түсінеміз. Ол жарақаттан кейін бұрынғы формасын қалпына келтіруі керек. Мұндай жағдайдан ешкім сақтанбаған. Сондықтан Исламханның ұлттық құрама мен қазақстандық футбол үшін сіңірген еңбегін ескере отырып, клуб оны толық қалпына келтіру жолында қолдау көрсетуді дұрыс деп шешті. Біз оған уақыт керек екенін түсінеміз. Қазір ол команданың алдында тұрған міндеттерді шешуде көмектесе алмайды, дегенмен ол әлі де жоғары деңгейлі футболшы екеніне еш күмән жоқ. „Астана“ оған қалпына келуге, бұрынғыдай ойынымен жанкүйерлерді қуантуға мүмкіндік беруге дайын», — деп түсіндірді бұл келісімді «Астана» клубының басшысы Саян Хамитжанов.