«Арсенал» қарапайым «бұғыларға» қонаққа барады: «Мансфилд» – «Арсенал» матчының тікелей эфирі
«Арсенал» апта ортасында негізгі бәсекелесі «Манчестер Ситидің» ұпай жоғалтуының арқасында АПЛ-дағы көптен күткен чемпиондыққа бір табан жақындай түсті. Алайда Микель Артета шәкірттері Англия кубогының 1/8 финалында турнирден шығып қалуға дайын емес. Бұл кезеңде оларға қарапайым «Мансфилд Таун» қарсы тұрады.
«Бұғылар» соңғы жылдары ағылшын футболының иерархиясында жоғарылап келеді: бесінші дивизионнан үшінші дивизионға дейін көтерілді. Қазір олардың басты мақсаты — лигада өз орнын сақтап қалу.
Сондықтан «канонирлер» негізгі құраммен шықпаса да, бұл матчта қиындық көрмеуі тиіс. Дегенмен Англия кубогының ерекшелігі — мұнда әрдайым сенсация болуы мүмкін. Бұған турнирдің алғашқы кезеңдерінде-ақ өткен жылғы жеңімпаз «Кристал Пэластың» жарыстан шығып қалуы дәлел.
«Мансфилд Таун» — «Арсенал» матчы 17:15–те басталады. Ойынды тікелей эфирде Sport+ телеарнасынан, сондай-ақ sportplustv.kz сайтынан көруге болады.