Almaty Open: Циципас, Хачанов және Атман екінші айналымға жолдама алды

Almaty Open: Циципас, Хачанов және Атман екінші айналымға жолдама алды

Алматыда өтіп жатқан ATP 250 санатындағы Almaty Open турнирінің төртінші жарыс күні тартысты кездесулерге толы болды. Almaty Arena кешенінің жабық хард корттарында өткен матчтарда теннисшілер жоғары деңгейдегі ойын өрнегін көрсетіп, маусымның соңғы бөлігінде табысты өнер көрсетуге ұмтылды.

Орталық кортта негізгі жарыстың бірінші айналымындағы маңызды кездесулер өтіп, жанкүйерлер тартысты ойындардың куәсі болды.

Атман Хидзикатаны екі сетте жеңді
Жарыс күнінің алғашқы кездесуінде франциялық Теренс Атман австралиялық Ринки Хидзикатаны 7:6 (7:5), 6:2 есебімен жеңді.

Бірінші сет тең дәрежедегі тартыспен өтіп, жеңімпаз тай-брейкте анықталды. Шешуші сәттерде белсенді әрі шабуылға негізделген ойын көрсеткен франциялық теннисші басым түсті.

Екінші партияда Атман бастаманы толық өз қолына алып, қарсыласына мүмкіндік бермеді. Нәтижесінде ол екі сетте жеңіске жетіп, келесі айналымға жолдама алды.

Циципас Ковачевичті үш сетте жеңді
Турнирдің жетінші нөмірлі ойыншысы, грекиялық Стефанос Циципас америкалық Александр Ковачевичке қарсы тартысты кездесу өткізді. Үш сетке созылған матч 7:6 (11:9), 3:6, 6:3 есебімен Циципастың пайдасына аяқталды.

Кездесуден кейін өткен баспасөз мәслихатында грек теннисшісі өзінің қазіргі дайындығы, алға қойған мақсаттары және маусымды жоғары деңгейде аяқтауға деген ұмтылысы туралы айтты.

«Қазір менің жеңіске деген құлшынысым өте жоғары. Жақсы нәтижелерге қол жеткізіп, мүмкіндігінше көп матч өткізгім келеді. Алдымда нақты мақсаттар бар және соларға жетуге ұмтыламын. Әлемнің үздік теннисшілерімен мүмкіндігінше көбірек кездесіп, өз деңгейімді сынап көргім келеді», — деді Циципас.
Сондай-ақ ол Алматыдағы турнирдің биылғы маусымындағы маңызына тоқталды.

«Бұл турнир — менің спорттық тарихымның тағы бір бөлігі. Жыл мен маусым аяқталғанға дейін әлі бірнеше тарау жазылады. Алматыдағы жарыс биылғы тарихымның маңызды тарауларының біріне айналуы мүмкін. Сондықтан осы мүмкіндікті барынша тиімді пайдаланғым келеді», — деп атап өтті грек теннисшісі.
Хачанов жарыс күнін сенімді жеңіспен аяқтады
Кешкі бағдарламаның соңғы кездесуінде турнирдің бесінші нөмірлі ойыншысы Карен Хачанов іріктеу кезеңінен өткен жапониялық Реи Сакамотомен кездесті.

Іріктеу сайыстарында табысты өнер көрсеткен Сакамото тәжірибелі қарсыласына лайықты қарсылық көрсете алмады.

Хачанов өз доп беруінде сенімді ойнап, бірінші доптан ұпайлардың 93 пайызын жеңіп алды. Нәтижесінде ол 6:2, 6:4 есебімен басым түсіп, турнирдің екінші айналымына өтті.

Осылайша, Теренс Атман, Стефанос Циципас және Карен Хачанов Almaty Open ATP 250 турнирінің алғашқы кезеңінен сәтті өтіп, Алматыдағы чемпиондық атақ үшін күресті жалғастырады.

Тек Beeline клиенттері ғана алғашқы ғарыштық мобильді байланысты Direct to Mobile технологиясының арқасында Starlink жерсеріктері арқылы бүкіл Қазақстан аумағында пайдалана алады. 



Күн шежіресі