Жақында бәрі белгілі болады: Абат Айымбетовтың агенті — «Рапид», «Ақтөбе» және «Легия» бапкері туралы

Румын футбол агенті Траян Гергишан Sport+ басылымына берген эксклюзивті сұхбатында «Ақтөбе» мен «Легия» арасындағы матчқа қатысты ойларымен бөлісіп, польшалық команданың бас бапкері Эдвард Иорданескудің деңгейіне баға берді, сондай-ақ Абат Айымбетовтің жаңа командасы туралы сұраққа жауап берді.
— Екі клиентіңіз — Богдан Вэтэжелу мен Андрей Влад — «Ақтөбе» сапында ойнайды. Алдағы «Ақтөбе» мен «Легия» матчы туралы не айтасыз?
— Богдан мен Андрей — «Ақтөбе» үшін маңызды футболшылар. Қазір олар еурокубоктарда командаға көмектесу үшін бар күшін салуға дайын. Олар мұндай деңгейде ойнаған тәжірибеге ие, себебі бұған дейін ұлттық құрамаларда және еурокубоктарда өнер көрсеткен.
— «Легияны» румын маманы жаттықтырады. Бұл бапкерді білесіз бе? Оның командасы қандай футбол көрсетеді?
— Иә, «Легияның» бас бапкері — Эдвард Иорданеску. Ол — Румыния чемпионы, Румыния ұлттық құрамасының бұрынғы бас бапкері. Оның кезінде құрама Евро-2024 турнирінің финалдық кезеңіне шықты. Иорданеску — амбициясы жоғары, тактикаға қатты мән беретін, қарқынды футболды ұстанатын бапкер. Ол — өте мықты маман.
— Тағы бір клиентіңіз Абат Айымбетов туралы сұрамай кете алмаймыз. БАҚ-да оның «Рапид» клубына ауысуы мүмкін екені айтылды. Бұл рас па? Басқа клубтармен де келіссөздер жүргізіп жатырсыз ба?
— Оған қатысты бірнеше ұсыныс бар. Біз оларды сараптап жатырмыз, қазір шешім қабылдау кезеңіндеміз. Жақын арада оның жаңа командасы белгілі болады. Қайда барады? Әзірге нақты айта алмаймын. Бұл Еуропа да, Азия да болуы мүмкін. Қай команда нақты әрі сенімді ұсыныс жасайды — соған қараймыз. Кейін бұл нұсқаны футболшымен және оның отбасымен бірге талқылап, шешім қабылдаймыз.