«Ертіс» «Ордабасының» футболшысымен келісімшартқа қол қойғанын жариялады

Жартылай қорғаушы Еркебұлан Тұңғышбаев павлодарлық «Ертіс» клубының жаңа ойыншысы атанды, деп хабарлайды Sport+.
30 жастағы жартылай қорғаушы павлодарлық жанкүйерлерге бұрыннан таныс — 2022 жылы ол жергілікті «Ақсу» командасында ойнап, 28 матчта 8 гол соққан. Тұңғышбаев — шымкенттік «Ордабасы» клубының түлегі, бұл команда сапында ол рекордтық 248 ойын өткізіп, 35 голдың авторы атанған.
Сондай-ақ Еркебұлан екі маусым бойы алматылық «Қайратта» ойнап, 2020 жылы Қазақстан чемпионы атанды. Премьер-лига аясында жалпы 261 матч өткізіп, 39 гол соққан. Қазақстан ұлттық құрамасы сапында 12 ойын өткізіп, 1 голмен көзге түскен.
«Ертіс» — Қазақстанның бес дүркін чемпионы. Қазір команда Бірінші лигада екінші орында тұр және жоғарғы дивизионға оралуды көздеп отыр.