Волейболдан ел чемпионатының екінші туры басталады

Павлодар қаласында волейболдан ерлердің ұлттық лига командалары арасында Қазақстан чемпионатының ойындары басталады, деп хабарлайды Sport+ Kazinform cайтына сілтеме жасай отырып.
Бейсенбі және жұма күндері бірінші турға кіретін матчтар мәреге жетеді. Одан кейін екінші тур бәсекелері басталады.
Атырау қаласында өткен бірінші турдан кейін алты матчтың бесеуінде жеңіске жеткен «Жетісу» (Талдықорған) клубы 15 ұпаймен көш бастап келеді. Оралдың «Жайығы» 13 ұпаймен екінші орында тұрса, ел чемпионы «Тараз» (12 ұпай) үшінші, биылғы кубок және суперкубок иегері «Ақтөбе» (11 ұпай) төртінші сатыға жайғасқан.
Көкшетаудың «Ұшқын-Көкшетау» командасы ғана әлі бірде-бір жеңіске жеткен жоқ.
Бейсенбі, 19 желтоқсан күні «Ақтөбе» - «Есіл» (СҚО), «Жайық» - «Атырау», «Жетісу» - «Буревестник» (Алматы), «Павлодар» - «Тараз» командалары өзара сынға түседі.