Сұрмергендер жарысы: «Тобыл» – «Елімай» матчының тікелей эфирі
Қазақстан чемпионатының 27-туры аясында Қостанайдың «Тобылы» өз алаңында «Елімайды» қабылдайды. Қазір командалар турнир кестесінде қатар орналасқан: қостанайлықтар жетінші орында тұрса, Абай облысының өкілдері бір саты жоғары жайғасқан.
Сонымен қатар екі клубтың да төртінші орын үшін таласқа араласуға математикалық мүмкіндігі бар. Егер «Ордабасы» Қазақстан Кубогын жеңіп алса, төртінші орын келесі жылы Конференциялар лигасында өнер көрсетуге мүмкіндік береді.
Матчтың тағы бір интригасы — сұрмергендер жарысы. Өткен турда Алматыда нәтижелі ойын көрсеткен Урош Милованович 11 голмен чемпионаттың үздік бомбардирлері тізімінде бірінші орынға шықты.
Оның басты қуғыншыларының бірі — Роман Муртазаев. Оның еншісінде 10 гол бар. Сонымен қатар Роман — биылғы чемпионаттағы ең нәтижелі қазақстандық футболшы.
Матч 19:00–де басталады.
Тікелей трансляцияны Sport+ телеарнасынан, сондай-ақ sportplustv.kz сайтынан көруге болады.