Самсон Аракелян Ресей клубтарының Пестовқа қызығушылығы туралы: Бізге бірнеше сұраныс түсті
«Астана» баскетбол клубының бас менеджері Самсон Аракелян Sport+ сайтына 18 жастағы Илья Пестовқа ВТБ лигасындағы ресейлік клубтардың қызығушылық танытып отырғаны туралы пікір білдірді.
«Иә, Ильяға қызығушылық бар, бізге бірнеше сұраныс түсті. Бірақ мұндай жағдай «Астана» халықаралық турнирлерге қатысқан сайын немесе клуб ойыншылары ұлттық құрама сапында сәтті өнер көрсеткен кезде жиі қайталанып тұрады. ВТБ жастар лигасы — өте жоғары деңгейдегі жарыс. Сондықтан біздің баскетболшылар сапалы ойын көрсеткенде, бұл басқа клубтар мен агенттер үшін белгілі бір белгі болады.
Менің ойымша, Пестовтың өткен маусымдағы ВТБ жастар лигасындағы және жақында өткен 3×3 баскетболдан Азия турниріндегі ойыны да көп нәрсені аңғартты. Ол өзінің деңгейін дәлелдеді, сондықтан басқа клубтардың оған қызығушылық танытуы — қалыпты жағдай.
Мұндай сұраныстар тек Ильяға ғана емес, басқа ойыншыларымызға да түсіп жатады. Ал біздің тарапымыздан айтсақ, Пестовқа қатысты жоспарымыз үлкен. Енді оны ересектер арасындағы чемпионатта көргіміз келеді. Ол негізгі құрамда ойнауға әбден жақын. Алдағы ВТБ лигасындағы маусымда оған мүмкіндік беруді жоспарлап отырмыз. Бұл — оның өз Отанында қалып, туған клубының сапында өнер көрсете отырып, өзін дәлелдеуге берілген тамаша мүмкіндік», - деді маман.