ҚФФ президенті қос лига клубтарының басшыларымен кездесті

Қазақстан футбол федерациясының (ҚФФ) президенті Марат Омаров Премьер-лига мен Бірінші лига клубтарының басшыларымен жұмыс кездесуін өткізді. Басқосуда елдегі кәсіби футболды дамытуға бағытталған стратегиялық бастамалар таныстырылды, деп хабарлайды Sport+ Қазақстан футбол федерациясына сілтеме жасай отырып.
Кездесуде қозғалған басты мәселелердің бірі – ҚФФ аясында өтетін жарыстар жүйесін реформалау болды. Марат Талғатұлы федерация мен клубтар арасындағы тығыз байланыс орнатудың маңызын атап өтіп, отандық футболды тек бірлесе жаңа деңгейге көтеруге болатынын айтты.
Жиында ҚФФ басшысы жарыстарды ұйымдастыру дирекциясын таныстырып, чемпионаттағы басты өзгерістерге тоқталды. Соның ішінде клубтар үшін қаржылық жарналардың азайтылуы мен чемпионат атауынан беттинг компанияларының алынуы айтылды.
Сондай-ақ, төрешілік, демеушілік және аймақтық футболды дамыту мәселелері де талқыланды. Федерация өңірлік клубтарды қолдауға бағытталған бірқатар бастамаларды қолға алады. Атап айтқанда, демеушілер тарту, бизнес қауымдастықпен байланыс орнату, жанкүйерлер қатарын көбейту және жастар арасында футболды насихаттау бойынша арнайы бағдарламалар енгізіледі. Бұл шаралар клубтардың географиялық орналасуына қарамастан, бәріне бірдей мүмкіндік жасауға жол ашады.