Қазақстандық теннисшілер Астанадағы халықаралық Asu Open турнирін жеңіспен бастады
Астанада World Tennis W15 және World Tennis M15 санаттары бойынша өтіп жатқан халықаралық Asu Open құрамдастырылған турнирінің негізгі кезеңі басталды. Қазақстандық теннисшілер жарысты сәтті бастап, алғашқы жеңістеріне қол жеткізді.
Әйелдер арасындағы турнирдің бірінші айналымында Ева Корышева Үндістан өкілі Akanksha Dileep Nitture-ді 6:2, 7:6 есебімен жеңсе, Сандуғаш Кенжибаева ресейлік Мария Михайлованы тартысты кездесуде 5:7, 6:3, 6:0 есебімен тізе бүктірді.
Сондай-ақ әйелдер арасындағы негізгі кезеңде Қазақстан намысын Аружан Сағандықова, Инкар Дүсебай, Асылжан Арыстанбекова және Айя Нүпбай қорғайды.
Ерлер арасындағы турнирде де қазақстандық спортшылар сәтті өнер көрсетті. Әмір Омарханов алғашқы айналымда Украина өкілінен 6:3, 6:3 есебімен басым түссе, Дамир Жалғасбай үндістандық Maan Kesharwani-ді 6:1, 6:2 есебімен сенімді түрде жеңді.
Бұдан бөлек, ерлер арасындағы жарыста Зангар Нұрланұлы, Даниял Рахматуллаев, Ансар Ниетқалиев, Ілияс Маратұлы, Даниэль Тазабеков және Ерасыл Ерділда ел намысын қорғайды.
Asu Open халықаралық турнирі Астанадағы Beeline Arena Ұлттық теннис орталығының ашық хард корттарында өтіп жатыр. Жарыс 8 тамызға дейін жалғасады.
Барлық маңызды спорттық оқиғаларды BeeTV-ден тамашала!