Қазақстандық спортшы жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында қола медаль жеңіп алды

Қазақтандық семсерлесуші Кирилл Проходов кадеттер мен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында қола жүлдегер атанды, деп хабарлайды Sport+.
Жекпе-жек кезеңінде Кирилл алғашқы айналымда иорданиялық Абдалла Альнасерді жеңді. Кейін қытайлық Ся Боянды ұтты.
Үздік сегіздікке шығу үшін өткен кездесуде ол командаласы Богдан Лукинмен бақ сынасып, 15:9 есебімен басым түсті.
Ширек финалда Проходов қытайлық Ши Джинзені жеңді. Алайда жартылай финалда Гонконг спортшысы Ман Юенмен өткен тартысты жекпе-жекте бір ұпай айырмашылығымен – 14:15 есебімен жеңіліс тапты.
Осылайша, Кирилл Проходов Азия чемпионатын үшінші орынмен аяқтады.