Қазақстандық падел турдың үшінші кезеңінің финалистері анықталды: финалдардың тікелей эфирі

Қазақстандық падел турдың үшінші кезеңінің финалистері анықталды: финалдардың тікелей эфирі

Алматыда Қазақстандық падел турдың үшінші кезеңі мәресіне жақындады. Жартылай финалдық кездесулердің қорытындысы бойынша A және B санаттарында чемпиондық атақ үшін таласатын жұптар анықталды.

Ерлер арасындағы A санатының финалында Евгений Данилов / Кристиан Фустер Синатра (Испания) және Тимур Хабибулин / Алдияр Муздыбаев кездеседі.

Данилов пен Фустер Синатра Жәнібек Үмбетов пен Никита Сидоровқа қарсы жартылай финалда сенімді ойын көрсетіп, 6:4, 6:2 есебімен жеңіске жетті. Екінші жартылай финал әлдеқайда тартысты өтті. Тимур Хабибулин мен Алдияр Муздыбаев алғашқы сетте Жақас Козбак пен Родион Пакқа 2:6 есебімен жол берді. Алайда кейін олар мінез көрсетіп, жеңіске деген жігерін таныта білді. Келесі екі сет те тай-брейкте аяқталды — 7:6 (7:4), 7:6 (8:6). Осылайша Хабибулин мен Муздыбаев финалға жолдама алды.

Әйелдер арасындағы A санатында сенсация тіркелген жоқ. Чемпиондық атақ үшін Татьяна Гиоргадзе / Айгерім Сүлейман және Мария Синицына / Дарья Михайлова таласады.

Гиоргадзе мен Сүлейман жартылай финалда Тамара Ермакова мен Мария Төлеуді 6:3, 6:2 есебімен сенімді түрде жеңді. Синицына мен Михайлова да Амина Беймуратова мен Ариана Гогулинаны 6:3, 6:1 есебімен ұтып, финалға шықты.

B санатындағы финалистер де анықталды. Ерлер арасында чемпиондық атақ үшін Артем Ярдяков / Матвей Бугрименко және Алишер Сагинов / Мансур Қайролла жұптары ойнайды. Әйелдер арасындағы B санатында чемпиондық титулды Александра Хан / Мадина Темірбулатова және Жанель Назарова / Томирис Төлегенова сарапқа салады.

Финалдық ойындар 23 тамызда өтеді. Сондай-ақ осы күні үшінші орын үшін кездесулер де ұйымдастырылады.

Күннің барлық ойындарын sportplustv.kz сайтынан және sportplus_qaz YouTube арнасынан тікелей эфирде көруге болады.

Ерлер және әйелдер арасындағы A санатының екі финалын да Sport+ телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді.

Әйелдер арасындағы A санатының финалы сағат 16:00–де, ал ерлер арасындағы A санатының финалы 17:30–да басталады.



Күн шежіресі