Қазақстандық жасөспірімдер FIP Promises Jakarta турнирінде қос жеңіске жетті
Қазақстандық жасөспірімдер халықаралық аренадағы жоғары деңгейлерін тағы бір мәрте дәлелдеді, деп хабарлайды Sport+.
Индонезияда өткен FIP Promises Jakarta халықаралық турнирінде Қазақстан жасөспірімдер құрамасының өкілдері Арнұр Тұрсынхан мен Ислам Дүйсенғазин тамаша өнер көрсетті.
Қазақстандық спортшылар екі жас санатында қатарынан жеңімпаз атанып, финалдық кездесулерде қарсыластарына еш мүмкіндік қалдырмады.
18 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы финалда қазақстандық жұп алаң иелері Уго Даман мен Зафа Утаманы 6:0, 6:0 есебімен ойсырата жеңіп, әсерлі жеңіске қол жеткізді.
Арнұр мен Ислам 16 жасқа дейінгі санатта да сенімді ойын өрнегін көрсетті. Шешуші кездесуде олар индонезиялық Джошуа Сигалинга мен Эцио Первокко жұбын 6:2, 6:3 есебімен жеңіп, турнирдегі екінші чемпиондық атағын иеленді.
Бұл жетістік қазақстандық жасөспірімдердің FIP Promises сериясындағы қатарынан екінші жеңісті турнирі болды. Биыл мамыр айында Тбилисиде өткен жарыста да Арнұр Тұрсынхан мен Ислам Дүйсенғазин екі жас санатында бірдей топ жарып, «алтын дубль» жасаған еді.
Қазақстан ерлер ұлттық падел құрамасының бас бапкері, командамен бірге Индонезияға барған Тимур Хабибулин бұл жетістіктің ауқымды еңбектің заңды нәтижесі екенін атап өтті:
«Арнұр мен Ислам жоғары деңгейдегі, тәртіпке негізделген ойын көрсетті. Олар турнир бойы сенімді өнер көрсетіп, тактикалық тұрғыдан сауатты әрекет етті және екі чемпиондық атақты да толықтай лайықты жеңіп алды. Ең қуантатыны — жігіттердің тұрақты түрде алға басып, FIP Promises сериясының қатарынан екінші турнирінде өз деңгейлерін тағы бір мәрте дәлелдеуі. Бұл — қазақстандық падел үшін маңызды нәтиже. Ол біздің жас спортшылардың халықаралық деңгейде табысты бәсекелесе алатынын көрсетеді. Алдағы уақытта мұндай жеңістердің саны арта түсуі үшін жұмысты жалғастырамыз», — деді Тимур Хабибулин.