Қазақстанда жеті әлем чемпионаты өтеді

Қазақстанда жеті әлем чемпионаты өтеді

2026 жылы Қазақстан күрес түрлерінен әлем чемпионатын қабылдайды, деп хабарлайды Sport+.

Ал 2027 жылы елімізде бірден алты әлем чемпионаты өтеді. Атап айтқанда, олимпиадалық спорт түрлері — үстел теннисі, дзюдо, бокс, таэквондо, сондай-ақ киберспорт және жасөспірімдер арасындағы шорт-тректен әлем чемпионаттары ұйымдастырылады.

Елімізге ірі халықаралық спорт жарыстарын тарту жұмыстары Мемлекет басшысының спортты дамыту, Қазақстанның халықаралық беделін арттыру және елді өңірдегі жетекші спорт орталықтарының біріне айналдыру жөніндегі тапсырмалары аясында жүзеге асырылып келеді. Әлем чемпионаттары 2027 жыл бойы Астана қаласында өтеді.

Жарыстардың күнтізбесі төмендегідей:

28–31 қаңтар — жасөспірімдер арасындағы шорт-тректен әлем чемпионаты;
10–26 сәуір — бокстан әлем чемпионаты;
22–30 мамыр — үстел теннисінен әлем чемпионаты;
1–14 маусым — дзюдодан әлем чемпионаты;
7–13 шілде — таэквондодан әлем чемпионаты;

Киберспорттан әлем чемпионатының нақты мерзімі кейінірек жарияланады.

Тәуелсіз Қазақстан тарихында тұңғыш рет еліміз екі жылдың ішінде спорттың әртүрлі түрлерінен жеті әлем чемпионатын өткізу құқығына ие болды. Бұл — Қазақстанның спорттық инфрақұрылымы мен ұйымдастырушылық әлеуетінің жоғары деңгейде екенін көрсететін халықаралық қауымдастықтың сенімі әрі үлкен жауапкершілік. Әлем біріншіліктері дүниежүзінің үздік спортшыларын жинап, отандық спорттың дамуына, салауатты өмір салтын насихаттауға және жастардың спортқа қызығушылығын арттыруға ықпал етеді.

Сонымен қатар, әлем чемпионаттарын өткізу оқиғалы туризмнің, қонақүй бизнесінің, көлік және сервистік инфрақұрылымның дамуына оң әсерін тигізіп, Қазақстанның халықаралық имиджін одан әрі нығайтуға мүмкіндік береді.

Осындай ауқымды жарыстарды өткізу спорт инфрақұрылымын жүйелі дамыту, турнирлерді ұйымдастыру сапасын арттыру және халықаралық спорт федерацияларымен ынтымақтастықты нығайту бағытындағы кешенді жұмыстың нәтижесі болды. Бүгінде Қазақстан әлемдік деңгейдегі ең ірі спорттық додаларды жоғары деңгейде қабылдай алатын мемлекеттердің қатарына сенімді түрде енді.



Күн шежіресі