Қазақстан жеңіл атлетика федерациясы балалар спортын дамытуға басымдық береді: Астанада KIDS’ ATHLETICS 2026 спорттық-білім беру іс-шарасы өтті
2026 жылғы 16 қыркүйекте Астана қаласындағы №45 жалпы орта білім беретін мектепте KIDS’ ATHLETICS 2026 спорттық-білім беру іс-шарасы ұйымдастырылды. Бағдарламаның оқыту бөліміне 140-қа жуық дене шынықтыру пәнінің мұғалімі, ал командалық жарыстарға 60 оқушы қатысты.
Kids’ Athletics — балаларды жеңіл атлетикамен ойын және командалық жаттығулар арқылы таныстыратын халықаралық бағдарлама. Оның негізгі мақсаты — жеңіл атлетиканы кеңінен насихаттау, балалардың қимыл-қозғалыс дағдыларын дамыту және осы спорт түріне бейімі бар оқушыларды анықтау.
Семинарда бағдарламаның сертификатталған лекторы Дамир Абулев мұғалімдерге Kids’ Athletics әдістемесін таныстырып, практикалық шеберлік сабағында тәжірибесімен бөлісті. Педагогтер жүгіру, секіру, лақтыру және эстафеталық жаттығуларды балалардың жас ерекшеліктеріне сай ұйымдастыру тәсілдерін меңгерді. Бұл білімді мектептегі дене шынықтыру сабақтары мен спорттық іс-шараларда қолдануға болады. Ал оқушылар арасындағы командалық жарыстар бағдарламаның әдістемелік жалғасы болды. Ойын түріндегі тапсырмалар балалардың шапшаңдығын, ептілігін және өзара қолдау көрсете отырып, бірлесіп әрекет ету қабілетін дамытуға бағытталды.
Іс-шараға Қазақстан жеңіл атлетика федерациясының Бас хатшысы Келбет Нұрғазина, Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев және Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Қуандық Ескермесұлы қатысты. Бағдарлама қорытынды марапаттау рәсімімен аяқталды.
Айта кетелік, Kids’ Athletics жобасы Қазақстанда биыл сәуір айында басталып, мамыр айының соңына дейін еліміздің алты өңірін қамтыды. Маңғыстау мен Атырау облыстарында, Орал, Шымкент және Тараз қалаларында дене шынықтыру пәнінің мұғалімдеріне арналған семинарлар, шеберлік сабақтары және балалар арасындағы жарыстар өткізілді.
Жазғы демалыстан кейін қайта жанданған жобаның Астанадағы кезеңі жеңіл атлетиканы мектеп ортасында дамытуға, балаларды тұрақты дене белсенділігіне тартуға және жас спортшыларды іріктеудің бастапқы жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді.