Қазақстан мен WADA таза спортты дамытуда ынтымақтастықты күшейтуде
Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі Дүниежүзілік допингке қарсы агенттік-пен өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды Sport+.
Қол қою рәсімі 22 наурызда министр Ербол Мырзабосынов пен WADA президенті Витольд Банька арасындағы кездесуде өтті. Кездесу Жабық ғимараттағы жеңіл атлетикадан әлем чемпионаты аясында Торунь қаласында ұйымдастырылды. Құжат елдің таза спорт қағидаттарына адалдығын растайды, сондай-ақ Мемлекет басшысының халықаралық ынтымақтастықты және допингке қарсы саясатты дамыту жөніндегі тапсырмаларын іске асыру шараларының бірі болып табылады.
«Өткен жылы Астанаға сапарымыз кезінде Мемлекет басшысы көрсеткен жылы қабылдау WADA мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықты дамытудағы маңызды кезең болды. Қазақстанға, оның ішінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа допингке қарсы зерттеулер саласындағы ғылыми прогреске қосқан елеулі үлесі мен қолдауы үшін алғыс білдіремін. Бұл келісім Қазақстанның өңірде таза спортты ілгерілетуде барған сайын жетекші рөл атқарып келе жатқанын көрсетеді», — деді Витольд Банька.
Сонымен қатар, тараптар 2027 жылы WADA Атқарушы комитеті мен Құрылтай кеңесінің отырыстарын Астанада өткізу мүмкіндігін талқылады.
Ербол Мырзабосынов Қазақстанның адал бәсекелестік қағидаттарын дәйекті түрде ұстанатынын және допингке қарсы білім беру жүйесін белсенді дамытып жатқанын атап өтті.
«WADA-мен ынтымақтастық біз үшін стратегиялық маңызға ие. Қазақстанда адал спорт мәдениетін дамытуға, халықаралық стандарттарды нығайтуға және үздік әлемдік тәжірибелерді енгізуге басымдық беріледі. Қазақстан допингке қарсы профилактика және білім беру бағдарламаларын қолдап қана қоймай, оларды белсенді түрде жүзеге асырып келеді», — деді министр.
Бұл кездесу аясында салалық білім беру және ғылыми инфрақұрылымды дамыту ерекше маңызға ие. Қазақ ұлттық спорт университеті мамандар даярлау мен білім алмасу алаңы ретінде қарастырылып отыр, бұл Қазақстанның Орталық Азиядағы допингке қарсы саясатта көшбасшылықты дамыту бойынша білім беру хабы ретіндегі рөлін нығайтуға ықпал етеді.
Еске сала кетейік, өткен жылы Мемлекет басшысы WADA президенті Витольд Баньканы қабылдаған болатын. Ол Қазақстанға келген Агенттіктің алғашқы президенті болды. Қабылдау барысында Мемлекет басшысы Витольд Баньканы «Достық» орденінің II дәрежесімен марапаттады. Биылғы меморандум ынтымақтастықты дамытудағы жүйелі тәсілді көрсетеді.