Қазақстан көшпенділер ойындарында 32 алтын медаль жеңіп алды
VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының алтыншы жарыс күнінде Қазақстан құрамасы қоржынды кезекті жүлделермен толықтырып, алтын медальдар санын 32-ге жеткізді, деп хабарлайды Sport+.
Бүгін спортшылар көкпар, көкбөрү, тоғызқұмалақ, мангала және овари спорт түрлерінен медальдар үшін бақ сынады.
Зияткерлік спорт түрлерінен жарыстар Ойындардың алғашқы күнінен басталған болатын. Бүгін шешуші кезеңдер өтті. Тоғызқұмалақтан Қазақстан өкілдері жоғары нәтиже көрсетіп, 4 алтын және 2 күміс медаль жеңіп алды.
Қазақстандық спортшылар мангала бойынша да сәтті өнер көрсетті. Ұлттық құрама мүшелері 2 алтын, 2 күміс және 1 қола медаль иеленді.
Спортшыларымыз Африка халықтарының дәстүрлі зияткерлік ойыны саналатын овари бойынша да жүлдесіз қалған жоқ.
Көкбөрүдің финалдық матчында Қазақстан мен Қырғызстан құрамалары кездесті. Қырғызстанда кеңінен дамыған және елдің дәстүрлі ұлттық спорт түрлерінің бірі саналатын бұл жарыста алаң иелері шешуші кездесуде жеңіске жетіп, алтын медальді иеленді. Қазақстан құрамасы күміс жүлдегер атанды.
Осылайша, VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Қазақстан құрамасының алтын медальдар саны 32-ге жетті.