Португалия чемпионатының екінші айналымындағы орталық матч: «Порту» – «Спортинг» кездесуінің тікелей эфирі
Португалия чемпионатының 21-турының, тіпті бүкіл екінші айналымының ең басты матчы турнир кестесінің көшбасшысы «Порту» мен оны өкшелеп келе жатқан басты қарсыласы «Спортинг» арасындағы текетірес болмақ.
Осыған дейін «Порту» күтпеген жерден «Каза Пиядан» 1:2 есебімен жеңіліп, түрлі турнирлердегі 12 матчқа созылған жеңіліссіз сериясын тоқтатты. Бұл жеңіліс Фариолидің шәкірттері үшін Примейра аясындағы маусымдағы алғашқысы болды.
Соған қарамастан, «Порту» ең жақын қуғыншысы — «Спортингтен» төрт ұпайға алда болып, көш басында тұр.
Ал қонақтар болса, кубоктық додада АВС командасымен болған матчта қосымша уақытта қиындықпен жеңіске жетті.
Бірінші айналымда «Порту» Лиссабоннан 2:1 есебімен жеңіспен қайтқан еді. Енді командалар «Драгау» стадионында кездеседі.
Матч 9-ынан 10 ақпанға қараған түні 01:45–те басталады. Тікелей трансляция Sport+ телеарнасында және sportplustv.kz сайтында көрсетіледі.