Нұрбек Қарабала: Менің ойымша, Ақтау тұрғындарын қуанта алдық

NAIZA лигасы Ақтауда турнир өткізді. Турнирдің басты жекпе-жегінде Нұрбек Қабдрахманов (11-3) Қытайдан келген этникалық қазақ Балғын Жеңісұлымен (19-8) кездесіп, жартылай жеңіл салмақтағы чемпиондық белбеуін қорғап қалды.
Жекпе-жек толық қашықтыққа созылып, төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен аяқталды.
Қазақстанның жұдырықтасу аңыздарының бірі Қанат «Кан фестивалі» Құлмұхамбетов (9-8) қанға толы айқаста Ислам Игеновті (4-3) жеңіп, бұл салмақтағы белбеуге таласқа қосылуға және лига чемпионы Рамазан Гасановпен жекпе-жекке шығуға дайын екенін мәлімдеді.
Жеңіліс көрмеген Али Бадрудинов (6-0) Ресейлік Хаваджи Арзамерзаевті (1-1) сенімді түрде жеңіп, белбеуді иеленуге дайын екенін айтты.
«Жаз мезгілінде біз дәстүрлі түрде туған қаламызға келіп, нағыз спорттық мереке ұйымдастырамыз. Бұл жолы да спортшылар жарқын әрі тартысты жекпе-жектер көрсетті деп ойлаймын, Ақтаудың тұрғындары мен қонақтарын қуанту қолымыздан келді», – деді NAIZA лигасының президенті Нұрбек Қарабала.
NAIZA келесі турнирін тамыз айында Алматы қаласында өткізуді жоспарлап отыр.