logo

Михаил Шайдоров: Жеңістен кейін еліме деген мақтаныш сезімі бойымды кернеп, екі күн бойы ұйықтай алмадым

Михаил Шайдоров: Жеңістен кейін еліме деген мақтаныш сезімі бойымды кернеп, екі күн бойы ұйықтай алмадым

Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров ерлер арасындағы жекелей сында Олимпиада чемпионы атанып, Қазақстанға қысқы Олимпиада ойындарында соңғы 32 жылдағы алғашқы алтын медальді сыйлады. Olympics.com оның жеңіске толы тарихи кешті және одан кейінгі бірнеше күнді қандай ой-сезіммен өткергені туралы материал ұсынды.

Қысқа бағдарламада бесінші орын алған Михаил Шайдоров еркін бағдарламада бес бірдей төрттік секіруді мүлтіксіз орындап, осы бағдарламада да, қос бағдарлама қорытындысында да үздік атанды.

«Әлі де сене алар емеспін. Маусым бойы өз-өзіммен күрестім. Бұл маусым мен үшін аса ауыр болды. Жарыстарда бес бірдей төрттік секіруді бір бағдарламада орындауға талай рет тырыстым, бірақ ешқашан сәтті шықпаған еді. Ал Олимпиадада бәрі сәтті орындалды. Сәті түсіп, қолымнан келді. Мен бұл Олимпиадаға бес жасымнан бері келе жатырмын. Маусым бойы бар мүмкіндігімді дәл осы Олимпиадада көрсетуге тырыстым. Бұл менің қолымнан келді. Медальді бүкіл Қазақстан халқына арнағым келеді.

Медаль алғанымды, ең кемі қола жүлдеге іліккенімді түсінген сәтте өзімді әлемдегі ең бақытты адамдай сезіндім. Күміс болуы мүмкін екенін ұққанда өзімді қоярға жер таппадым. Ал алтын алғанымды түсінгенде — бұл жағдайды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес еді. Жасаған еңбегімнің зая кетпегенін түсіндім», — деді Михаил Олимпиада чемпионы атанғаннан кейін.

Шабытқа толы еркін бағдарламасынан кейін Михаил Шайдоров бесінші орыннан бірден бірінші орынға көтерілді. Осылайша Қазақстан мәнерлеп сырғанаудан Сочидегі марқұм Денис Теннің қола медалінен кейін араға 12 жыл салып, Олимпиадада қайтадан жеңіске жетті. Қысқа бағдарламадан кейін көш бастап тұрған Илья Малинин бірнеше қателік жіберіп, сегізінші орынға түсті. Ал жапониялықтар Юма Кагияма мен Шун Сато тиісінше күміс пен қола жүлдеге ие болды.

Михаилдің алтыны — Қазақстан тарихында қысқы Олимпиададағы екінші алтын және мәнерлеп сырғанаудан Денис Теннің қола жүлдесінен кейінгі екінші олимпиадалық медаль.

«Денис Тен маған және бізден кейінгі спортшыларға жол ашты. Ол үшін де, мен үшін де бұл жол оңай болған жоқ. Біздің спорттың дамуына қосқан үлесі үшін Дениске шексіз алғыс айтамын».

Осындай сенсациялық жеңістен кейін адам қалай ұйықтай алады?

«Екі күн бойы ұйықтамадым. Дәлірек айтсам, бар-жоғы екі сағат қана көз ілдім. Шынымды айтсам, бүгінге дейін не болғанын толық сипаттап бере алмаймын. Соңғы күндер адреналинге, өзіме деген сенім мен мақтанышқа толы болды. Бірақ ең бастысы — еліме деген мақтаныш сезімі басым болды».

Миландағы мұз айдынында отырған көрермен ғана емес, Қазақстандағы жанкүйерлер де түнімен ұйықтамай, ел спортындағы жаңа қаһарманның жеңісін бірге тамашалады.

«Түні бойы ұйықтамай, маған жанкүйер болған бүкіл Қазақстанға шексіз ризамын. Толассыз хабарламалар келді. Қолдауды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Қазақстанда 13-і жұма сәтсіз саналатын, бірақ енді біз үшін ол — алтын сан».

Еркін бағдарламасын орындағаннан кейін Шайдоров жарты сағат бойы көшбасшы орнында отырып, кейінгі спортшылардың нәтижесін күтті. Олардың ешқайсысы оны басып оза алмады.

Алғашқы үміткер италиялық Даниэль Грассль еді. Бірақ еркін бағдарламада ол сенімсіз өнер көрсетіп, төртінші орыннан тоғызыншы орынға түсті. Одан кейін екі дүркін Еуропа чемпионы Адам Сяо Хим Фа шықты. Франциялық спортшы жүлдеге үміткер болғанымен, алғашқы төрттік лутцта құлап, кейін бірнеше қателік жіберіп, жетінші орынға табан тіреді.

Бейжің-2022 күміс жүлдегері Юма Кагияма да таза сырғанай алмады. Ол төрттік флипте құлап қалды. Алайда ең үлкен тосынсый — жарыстың басты фавориті, екі дүркін әлем чемпионы Илья Малининнің өнері болды.

Михаилмен құрдас америкалық спортшы екі рет құлап, тағы үш секіруде қателік жіберіп, еркін бағдарламада 15-орын, жалпы есепте сегізінші орын алды.

«Илья өнер көрсетіп жатқанда көңілім сан түрлі күй кешті. Оған қолдау білдіргім келді. Менен кейін шыққан барлық спортшы үшін алаңдадым. Өйткені олардың әрқайсысы осы Олимпиадаға қандай жолмен жеткенін білемін. Әрқайсысына жанкүйер болып, қолдап, жігерлендіруге тырыстым.

Илья — тек мықты спортшы ғана емес, ол ең алдымен өте жақсы адам. Біз жасөспірімдер жарысынан бері қатар келе жатырмыз. Сондықтан оған қолдау көрсеткім келеді. Бізді табыстырғаны үшін Ильяға да, мәнерлеп сырғанау спортына да ризамын. Біз тек өзара бәсекелес спортшылар ғана емеспіз. Біз бір үлкен отбасы секілдіміз. Бұл орта әртүрлі адамды біріктіріп, мәнерлеп сырғанауды бірге дамытуға жол ашады. Алда талай жарыста осы жолды бірге жалғастыра береміз».
 



Күн шежіресі