Ислам Евлоев: Бұнымен тоқтап қалмай, әлі талай белесті бағындырамын
Грек-рим күресінен Қазақстан құрамасының өкілі Ислам Евлоев Эр-Риядта (Сауд Арабиясы) өтіп жатқан Ислам ынтымақтастығы ойындарында күміс жүлдегер атанды, деп хабарлайды Sport+ Olympic.kz сайтына сілтеме жасап.
Финалдан кейін балуан үлкен спорттағы жолы енді басталып жатқанын айтты.
«Бұл жарысқа тыңғылықты дайындалдым. Мақсатым — алтын алу еді. Бірақ күміс медаль бұйырды. Дегенмен бұл соңғы нәтижем емес. Бұнымен тоқтап қалмай, әлі талай белесті бағындырамын.
Әдетте төрелікті талқыламаймын. Егер ұтылсам, алдымен өзімді кінәлаймын. Демек әлі де көп еңбектену керек.
Маусым барысында жарақаттар болды, соны емдеп жүрдім. Сол себепті 100 пайыз дайын болдым деп айта алмаймын. Шынында, маусым оңайға соққан жоқ. Бірақ әлем чемпионатына іріктеуден өтсем, сол жерде толықтай бабымда боламын, » — деді Евлоев.
Айта кетейік, ол 87 келіге дейінгі салмақта күміс медаль еншіледі.