Ғұсман Қырғызбаев: Басты мақсат — 2028 жылғы Олимпиадаға қатысып, жеңіс тұғырының ең жоғарғы сатысына көтерілу

9-11 мамыр аралығында Астана қаласында дзюдодан Qazaqstan barysy Grand Slam турнирі өтеді. Аталмыш жарыста әлемнің түкпір-түкпірінен бірнеше Олимпиада жүлдегері бақ сынайды, деп хабарлайды Sport+ Olympic.kz сайтына сілтеме жасап.
Соның ішінде 2024 жылғы Олимпиаданың қола жүлдегері Ғұсман Қырғызбаевтың татамиге қайта оралуы басты жаңалықтардың бірі.
— 2024 жылғы Олимпиададан кейін татамиден ұзақ уақыт бойы алшақ болу сізге қалай әсер етті?
— Иә, Олимпиада ойындарынан кейін спортты уақытша ұмытып, жеті айға жуық демалыс алдым. Қаңтар айынан бастап оқу-жаттығу жиындарына қатыса бастадым. Алғашында ұлттық құраманың қарқынына ілесу өте қиын болды. Алайда қазір бәрі жақсы. Бапкерлердің берген тапсырмаларын бұлжытпай орындап жүрміз. Олимпиада ойындарының жүлдегері ретінде бұл жолғы жаттығулар ерекше ләззат сыйлап жатыр. Қандай жаттығу болса да, өзім рахаттанып орындаймын. Сонымен қатар Парижде қола жүлде жеңіп алған соң, өз-өзіме деген сенімділігім артты. Ал жарыстың нәтижесі татами үстінде белгілі болады.
— Жаңа бапкерлік құрамның келуіне байланысты өзгерістер болды ма?
— Жалпы, әр бапкердің өзіндік әдіс-тәсілі болады ғой. Роберт Мшвидобадзенің дайындау жүйесі мүлде бөлек екен. Бір байқағаным — бұл бапкерлер бір ғана жарыспен шектелмей, алда болатын ірі халықаралық додаларға ерекше мән береді. Негізгі мақсат — әлем чемпионаттары мен Олимпиада ойындарында жоғары нәтиже көрсету. Ал басқа турнирлер тәжірибе жинап, өз мүмкіндігіңді сынап көруге арналған. Жаттығу жоспары мен тапсырмалары көңілімнен толық шығып жатыр.
— Олимпиададан кейін алғаш рет халықаралық аренаға оралып жатырсыз. Жарыс алдында қобалжу сезімі бар ма?
— Жарыс жақындаған сайын ішімде кішкене қобалжу бар. Негізі бұған дейін ондай сезім бола бермейтін еді (күледі). Олимпиада ойындарынан кейін демалысқа шықтым. Қазір көпшілік: «Олимпиададағыдай өнер көрсете ме?», — деп күтіп жүргенін білемін. Шынымды айтсам, демалыстан кейін аздаған қиындықтар бар. Бірақ алдағы жарыста бар күш-жігерімді салып, жеңіске жетуге тырысамын.
— Сондай-ақ, спортшы басты қарсыласы жайлы айтып берді.
— Енді басты қарсыластарымның бірі — испаниялық Торне Гарсия. 2024 жылғы Олимпиаданың бірінші айналымында кездескен едік. Сонымен қатар Ресейдің, Моңғолияның спортшылары келіп жатыр екен. Сондықтан бәсекелестік өте жоғары деңгейде болмақ.
— Алдағы жоспарларыңыз қандай? 2028 жылы өтетін Олимпиада ойындарына дайындықты қазірден бастап кеттіңіз бе?
— Олимпиададан кейін, бірінші оқу-жаттығу жиынына келместен бұрын бапкер Роберт Мшвидобадзе хабарласты. «Дайындыққа қашан келесің?», — деп сұраған болатын. «Қаңтар айында», — деп жауап берген едім. Бапкер: «Егер келетін болсаң, Олимпиадаға дейінгі алдағы төрт жылға нақты мақсат қойып кел», — деді. Енді басты мақсатым — осы оқу-жаттығу жиындарында барлық күш-жігерімді жинап, 2028 жылы өтетін Олимпиада ойындарына барып, жеңіс тұғырының биігіне көтерілу.