Ева Корышева: «Бала кезімнен «Ролан Гарроста» ойнауды армандаймын»
16 жастағы Ева Корышева — Ақтөбе қаласының тумасы әрі теннистен Қазақстанның жазғы чемпионатына қатысып жатқан жас спортшылардың бірі. Жас болғанына қарамастан, ол халықаралық жасөспірімдер турнирлерінде өнер көрсетіп, жоғары деңгейдегі жарыстарда тәжірибе жинақтап келеді. Сұхбат барысында Ева ел чемпионатындағы өнері, мансабындағы ең ұзақ матч, топырақ төсенішті корттарға және Рафаэль Надальдың ойынына деген қызығушылығы туралы айтып, сондай-ақ неліктен бір күні «Ролан Гаррос» корттарына шығуды армандайтынын бөлісті.
— Биылғы Қазақстан чемпионаты сен үшін қалай өтіп жатыр? Ең көп есте қалғаны не?
— Мұнда бәрі өте жақсы ұйымдастырылған, ойыншылар үшін тамаша жағдай жасалған. Өзіміз жаттығатын, жақсы таныс корттарда, яғни өз үйімізде ойнаған әрқашан жағымды. Сонымен қатар әкемнің менің матчымды көру және бірге уақыт өткізу үшін арнайы бір күнге келгені мен үшін өте маңызды болды. Бұл маған ерекше жағымды эмоция сыйлады.
— Өз ойын мәнеріңді үш сөзбен сипаттау керек болса, қандай сөздерді таңдар едің?
— Тұрақтылық, төзімділік және сабырлылық. Менің ойымша, осы қасиеттер корттағы ойынымды жақсы сипаттайды.
— Осы уақытқа дейін мансабыңдағы ең есте қалған матч қайсы?
— Биыл Малайзияда өткен J300 турниріндегі матч шығар. Ол 4 сағат 50 минутқа созылып, физикалық жағынан да, эмоциялық тұрғыдан да өте ауыр болды. Өкінішке қарай, сол кездесуде жеңіліп қалдым, бірақ матч жадымда жақсы сақталды. Бұл өте қызықты әрі тартысты бәсеке болды және мен үшін маңызды тәжірибеге айналды.
— Турнир кезінде күнің әдетте қалай өтеді? Матчқа дайындалудың өзіндік тәсілі бар ма?
— Матч алдында көп сөйлеспеуге және өзіммен оңаша көбірек уақыт өткізуге тырысамын. Тыныштықта отырып, ойымды жинақтап, ойынға дайындалғанды ұнатамын. Кортқа шыққанға дейін бар назарымды тенниске аудару үшін басқа маңызды істердің бәрін матчтан кейінге қалдыруға тырысамын.
— Сен әлі жас спортшысың. Қазақстандық теннисшілер арасында үлгі тұтатын ойыншың бар ма?
— Маған Елена Рыбакина қатты ұнайды. Ол өте жоғары деңгейде ойнайды және әрдайым бар күшін салады. Оның корттағы өзін ұстауы да ұнайды: ол әрдайым сабырлы әрі жинақы. Корттан тыс уақытта да өте ақкөңіл, жылы жүзді адам ретінде әсер қалдырады.
— Қазақстандық теннисшілердің бірінен бір ойын шеберлігін алу мүмкіндігі болса, қайсысын таңдар едің?
— Сөзсіз, Елена Рыбакинаның доп беру шеберлігін таңдар едім. Бұл — оның басты қаруларының бірі. Сондықтан мен де дәл сондай мықты доп беруді қалаймын.
— Қазақстандық теннисшілердің қайсысымен бір күні бірге ойнағың немесе жаттыққың келеді?
— Әрине, Елена Рыбакинамен. Ол — әлемдегі үздік теннисшілердің бірі. Сондықтан онымен бірге жаттығу немесе ойнау мүмкіндігі мен үшін ерекше сәт әрі үлкен мәртебе болар еді.
— Ал болашақта ерекше қатысқың келетін турнир бар ма?
— Бала кезімнен «Ролан Гарроста» ойнауды армандаймын. Меніңше, бұған сүйікті теннисшім Рафаэль Надальдың да әсері бар. Сонымен қатар өзім де топырақ төсенішті кортта ойнағанды қатты ұнатамын. Сондықтан менің үлкен мақсаттарымның бірі — бір күні осы «Үлкен дулыға» турнирінде өнер көрсету.
— Теннистен аз уақытқа болса да көңіл бөлуге мүмкіндік болғанда немен айналысқанды ұнатасың?
— Фильмдер мен сериалдар көргенді қатты ұнатамын. Бұл жаттығулар мен жарыстардан кейін ойымды басқа нәрсеге аударып, біраз демалуыма көмектеседі. Ал менің сүйікті фильмім — «Человек-паук».
— Бірнеше жылдан кейін кішкентай қыз сенен қолтаңба сұрап келіп, өзі де теннисші болуды армандайтынын айтса, оған қандай кеңес берер едің?
— Ең бастысы — әрдайым бар күшіңді салып, жаттығуда аянбай еңбек ету деп айтар едім. Бапкеріңді тыңдап, жұмысты жалғастыру және бір нәрсе ұзақ уақыт бойы ойдағыдай болмай жатса да, берілмеу керек. Теннисте түрлі кезеңдер болады, сондықтан өзіңе сеніп, алға қарай жүре беру өте маңызды.
Барлық маңызды спорттық оқиғаларды BeeTV-ден тамашала!