Есбол Сұлтанов: Өз жерімізде өтетін жарыста бар күшімізді саламыз

Астанада 14-16 тамыз күндері таеквондодан Kazakhstan Open 2025 турнирі өтеді. Байрақты доданың қарсаңында Қазақстан құрамасының бас бапкері Есбол Сұлтанов команда дайындығы жайлы айтып берді, деп хабарлайды Sport+.
«Қазір ұлттық құрама Астанада жоспарлы оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр. Бұл кезең біз үшін өте маңызды, себебі алда үлкен жауапкершілік жүктейтін халықаралық турнир күтіп тұр. Спортшыларымыз тактикалық дайындықты, жылдамдық пен төзімділікті арттыруға басымдық беріп, жарыс қарсаңында өз дайындықтарын шыңдауда.
Kazakhstan Open — біздің елде ұйымдастырылып отырған жоғары деңгейлі турнир. Мұндай мүмкіндік жиі бола бермейді. Сондықтан спортшылар ғана емес, бүкіл жаттықтырушылар құрамы да бұл жарысқа үлкен мән беріп отыр. Өз жерімізде, өз жанкүйерлеріміздің көз алдында өнер көрсету — әрі абырой, әрі жауапкершілік. Біздің мақсат — жоғары нәтижеге қол жеткізу, медаль үшін соңына дейін күресу. Әрбір кездесуге бар күшімізді салып, Қазақстан таеквондосының деңгейін халықаралық аренада тағы бір мәрте дәлелдеуге тырысамыз», — деді Қазақстан таеквондо құрамасының бас бапкері.