«Барыс» сырт алаңда бір ұпай жинады

Қазан айындағы алғашқы сырт алаңдағы ойынында «Барыс» Новосібірде «Сібір» командасымен кездесті, деп хабарлайды Sport+ елордалық клубтың баспасөз-қызметіне сілтеме жасап.
Астаналық команданың бапкерлік штабы ойынға дейін барлық шабуыл шебін өзгертіп, айтарлықтай ротация жасады. Бұл өзгерістер Роман Старченко мен Иван Николишиннің қатарға оралуына байланысты болды — олар осы маусымдағы алғашқы матчтарын өткізді. Айта кету керек, «Барыстың» 48-нөмірлі ойыншысы ҚХЛ-дың барлық 18 маусымына қатысқан алтыншы хоккейші атанды. Қақпаны Андрей Шутов қорғады.
Бірінші кезеңде екі команда да бірнеше қауіпті сәттер жасады, бірақ негізгі рөлді қақпашылар атқарды. Бір эпизодта Никита Сошниковтың соққысынан кейін «Барысты» қақпа бағанасы құтқарып қалды. Екінші кезеңде «Барыс» ойын басымдығына ие болып, позициялық шабуылдар ұйымдастырғанымен, есеп ашылмады. Үшінші кезең мен овертаймда да есеп өзгеріссіз қалды. Ал буллиттер сериясында алаң иелері дәлдік танытты.
Келесі матчта, 7 қазанда, Михаил Кравецтің шәкірттері Қазанда «Ақ Барыспен» кездеседі.