«Астана» легионері жаңа клубында таныстырылды

Ганалық жартылай қорғаушы Барнс Осей енді мансабын Израиль чемпионатында жалғастырады, деп хабарлайды Sport+.
30 жастағы футболшы қазіргі таңда ұлттық біріншілікте оныншы орында тұрған «Бней-Сахнин» клубымен келісімшартқа отырды.
Барнс Осейдің соңғы клубы «Астана» болды. Қазақстан Премьер-лигасының 2024 жылғы маусымында ганалық ойыншы 14 матчқа қатысып, бір нәтижелі пас берген.
Сонымен қатар, Осей кәсіби мансабында Португалияның «Пасуш де Феррейра», «Униан Мадейра», «Арока» және «Академика» (Коимбра), Кипрдің «Неа Саламина» және Грузияның «Динамо» (Тбилиси) клубтарында өнер көрсетті.