Амангелді титулдық жекпе-жектегі қарсыласын білді

NAIZA лигасының чемпионы Дастан Амангелді титулын қорғау үшін бразилиялық Матэус Мальтаға қарсы жекпе-жек өткізеді, деп хабарлайды Sport+ лиганың ақпаратына сілтеме жасап.
Бразилиялық файтердің рекорды — 11 жеңіс және 5 жеңіліс. Ол өз елінің ең мықты лигаларының бірі Shooto-да, сондай-ақ Еуропаның үздік лигаларының бірі саналатын Ares-те өнер көрсеткен.
Дастан бұл титулды 2023 жылы қазіргі UFC файтері Су Ёнды жеңу арқылы иеленген. Кейін 2024 жылы ресейлік Вячеслав Свищевқа қарсы жекпе-жекте сәтті қорғап шықты.
Амангельді мен Мальта арасындағы жекпе-жек 28 маусым күні Семей қаласында өтетін турнирде ұйымдастырылады. Турнирді тікелей эфирде Sport+ арнасы көрсетеді.