Қаршыға Дәуітбектің келесі қарсыласы 19-жасар талантты жапон жауынгері болады

Қазақстандық файтер Қаршыға Дәуітбек (18-3) келесі жекпе-жегін 27 шілде күні Жапонияның Сайтама қаласында өткізеді, деп хабарлайды Sport+.
Оның қарсыласы — 19 жастағы жапон спортшысы Киома Акимото (8-1). Жекпе-жек жеңіл салмақ дәрежесінде (66 кг) өтеді және үш раундқа жоспарланған.
Бәсеке Жапониядағы ең ірі ареналардың бірі — 36 мың адамға арналған Saitama Super Arena-да өтеді. Айта кетейік, дәл осы жерде 2022 жылы Геннадий Головкин Риота Муратаны нокаутқа түсірген болатын.
Акимото жас болса да, Rizin турнирлерінде өзін көрсете білді. Оның есебінде үш мерзімінен бұрынғы жеңіс және бір төрешілер шешімімен келген жеңіліс бар.
Қаршыға Дәуітбек те жоғары нәтиже көрсетіп жүр: 2024 жылы Жапонияда төрт жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жетті. Оның үшеуі Rizin аясында өтті. Соңғы жекпе-жегі 29 наурыз күні өтіп, экс-чемпион Чихиро Сузукиді төрешілер шешімімен жеңді.