logo

Әлемдік сапа стандарты: Қазақстанның Ұлттық теннис орталығы ITF-тің «Алтын мәртебесіне» ие болды

Әлемдік сапа стандарты: Қазақстанның Ұлттық теннис орталығы ITF-тің «Алтын мәртебесіне» ие болды

Қазақстан теннис федерациясы (ҚТФ) жоғары халықаралық мойындау туралы хабарлайды.

Халықаралық теннис федерациясы (ITF) Астанадағы «Beeline Arena» Ұлттық теннис орталығына (ҰТО) ресми түрде Gold Level Recognition мәртебесін берді.

Бұл беделді сертификат Қазақстандағы инфрақұрылым мен спортшыларды даярлау жүйесінің ең жоғары әлемдік стандарттарға сай екенін айғақтайды. Осы «алтын» белгіні иелену арқылы Қазақстан ресми түрде әлемдік элитаның қатарына енді. Осы уақытқа дейін мұндай жетістікке әлем бойынша тек 6 мемлекет — Франция, АҚШ, Ұлыбритания, Нидерланды, Канада және Швейцария ғана ие болған еді.

«Алтын мәртебенің берілуі — Астанадағы „Beeline Arena“ теннис орталығының ойыншыларды даярлау және инфрақұрылым сапасы бойынша барлық халықаралық талаптарға сай екендігінің дәлелі. Ұйым президенті Дэвид Хаггерти бастаған ITF комиссиясының шешімі кешенді бағалау қорытындысы бойынша қабылданды. Онда спортшылардың нәтижелері, оларды дамыту бағдарламасы, жаттықтырушылар құрамының біліктілігі, жарыстардың ұйымдастырылуы, сондай-ақ қауіпсіздік мәселелері мен адал ойын принциптерінің, соның ішінде допингке және келісілген матчтарға қарсы іс-қимылдардың сақталуы ескерілді, — деп атап өтті Қазақстан теннис федерациясының президенті Болат Өтемұратов. — Бұл — Федерацияның, теннис орталығы ұжымының және біздің жаттықтырушыларымыздың жүйелі жұмысының нәтижесі. Ең бастысы — жасалған жағдайлар мен инфрақұрылым елімізде теннисті, ең алдымен, балалар мен жасөспірімдер бағытын дәйекті түрде дамытуға және әлемдік деңгейдегі бәсекеге қабілетті ойыншыларды даярлауға мүмкіндік береді».

2017 жылдан бері Қазақстанда 39 теннис орталығы салынды, оларда қатты (hard) және топырақ (clay) төсемі бар 394 корт жұмыс істейді. Осы кезеңдегі жеке инвестиция көлемі 200 миллион доллардан асты.

Айта кетейік, «алтын мәртебе» төрт жылдық мерзімге — 2030 жылға дейін берілді. Федерация барлық коммуникацияларда ресми «ITF Gold» логотипін пайдалану құқығына ие болды.

ITF-тің техникалық мойындауынан бөлек, Халықаралық теннистегі тазалықты қамтамасыз ету агенттігі (ITIA) қазақстандық орталықты National Training Centre Integrity Standards Award жүлдесімен марапаттады. ITIA басшысы Карен Мурхаус Қазақстанда ойыншыларды дамыту үшін адал ойын құндылықтарына негізделген бірегей орта қалыптасқанын атап өтті. Ұйымның бағалауынша, ҰТО-да процестердің ашықтығын қамтамасыз ететін және спортшыларды допинг пен сыбайлас жемқорлық қауіптерінен қорғайтын жүйе құрылған. Жалпы алғанда, «алтын мәртебені» иелену қазақстандық теннис мектебінің халықаралық озық тәжірибеге сай екенін растайды және елімізде осы спорт түрін одан ары өркендету үшін тұрақты негіз қалайды.



Күн шежіресі