Александр Мрынский: Ертеңгі матчта тек жеңіс үшін ойнаймыз
Қазақстан ұлттық құрамасының ойыншысы Александр Мрынский FIFA Series турнирі аясындағы Комор аралдарына қарсы ойын алдындағы баспасөз мәслихатында команданың дайындығы мен алдағы мақсаттары туралы пікірін білдірді, деп хабарлайды Sport+ ҚФФ ресми сайтына сілтеме жасап.
«Ертең, әрине, жеңіске жетуді көздеп отырмыз. Қарсыласты талдап, өткен ойындағы қателіктерімізді сараладық. Комор құрамасының жауынгер команда екенін білеміз. Африкалық стильге тән күшке негізделген футбол ойнайды. Соған дайындалып, жеңіске жетуге тырысамыз», — деді А.Мрынский.
Сонымен қатар, Александр Мрынский ұлттық құрама сапында ойнаудың маңыздылығына тоқталды:
«Ұлттық құрамаға шақырту — менің арманым әрі мақсатым болған. Мұндағы атмосфера кез келген еурокубоктағы ойындардан ерекше. Сен өз еліңнің намысын қорғайсың, жауапкершілік мүлде басқа деңгейде. Алғашқы ойыннан бастап командаға көмектесіп, жеңіске үлес қосуды қалаймын», — деді А.Мрынский.