Жалғас Жұмағұлов: Қазақтан шыққан OKTAGON лигасының тұңғыш чемпионы атанып, есімімді тарихқа жазғым келеді

Қазақстандық ММА жауынгері Жалғас Жұмағұлов Sport+ арнасына берген сұхбатында OKTAGON лигасындағы грузиялық спортшы Бено Адамияға қарсы чемпиондық жекпе-жекке дайындығы туралы айтты.
— Жаттығу жиыны жақсы өтті, 100% дайынмын. Көңіл күйім де, күш-қуатым да жоғары. Әрине, бес раунд толық өткізбеуді қалар едім — жекпе-жекті ерте аяқтаған дұрыс болар еді. Бірақ бәрі Жаратқанның қалауымен болады: маған жазылғаны — сол орындалады. Өз тарапымнан бар күшімді саламын.
Қарсыласым — соққы бағытындағы спортшы, күрестен қорғанысы мықты. Сондықтан әрекетімді өзгертіп, жекпе-жек барысында не іске асса, соны қолданамын. Өз атымды тарихқа жазып, OKTAGON лигасының алғашқы қазақ чемпионы атанғым келеді, — деді Жалғас.
Айта кетейік, OKTAGON 73 турнирі 28 маусым күні Германияның Гамбург қаласында өтеді. Жекпе-жек тікелей эфирде Sport+ арнасында көрсетіледі.