logo

Владислав Киреев: Командалас әріптесіңмен бірге халықаралық жарыстарда жеңіс тұғырына көтерілген ерекше қуаныш сыйлайды

Владислав Киреев: Командалас әріптесіңмен бірге халықаралық жарыстарда жеңіс тұғырына көтерілген ерекше қуаныш сыйлайды

2025 жылғы Азия ойындарында алтын медаль жеңіп алған биатлоншы Владислав Киреев мәре сызығын кескеннен кейін жарыс туралы алғашқы әсерімен бөлісті, деп хабарлайды Sport+ Olympic.kz сайтына сілтеме жасап.

Ол бұл медальдің Қазақстан құрамасы үшін аса маңызды болғанын атап өтті. Сондай-ақ, тұғырдан оның командаласы Вадим Куралесті көрінгеніне қуанышты екенін айтты.

«Барлығы ойдағыдай жүзеге асты. Әсіресе, бұл алтын медаль біз үшін аса маңызды болды. Біз дайындығымызды толық көрсетіп, бірінші және екінші орындарды иелендік.

Егер жарыс туралы айтсам, бірінші ату айлағында алғашқы оқты нысанаға дәл тигізе алмадым. Қателік жібердім, өйткені дәл сол сәтте жел соғып кетті. Мен түзеуге тырыстым, бірақ сәл жетпей қалды. Бұл сәтті әлі бапкерлермен бірге талдаймыз. Жалпы, бүкіл жарыстағы ең үлкен кемшілігім осы болды деп ойлаймын.

Қалғаны өте жақсы өтті. Қатты қалып қоймадым. Бапкерлерім жарыс барысында жақсы бағыт-бағдар беріп отырды. Бастапқы екпінім аса жоғары болған жоқ. Бірақ жарысты тым жылдам бастау әрдайым жақсы бола бермейді. Ерте қарқын алып, соңында әлсіреп қалу қаупі бар.

Сондықтан, жарыс басталғаннан кейін орташа қарқынмен жүрдім. Бірінші айналымнан кейін аздап артта келе жаттым. Ату айлағын бір айып айналымымен шықтым. Ол кезде айырмашылық 9 секундтай болды. Бірақ жарыс барысында қарқынды күшейтіп, уақыт айырмасын азайта бастадым. Нәтижесінде, өзіме қажетті жылдамдықты ұстап, алтын медаль иелендім.

Бұл — өте маңызды жарыс, өте маңызды медаль. Тек мен үшін ғана емес, бүкіл Қазақстан үшін, еліміздің спортшылары үшін де. Азия ойындары — Олимпиададан кейінгі ең ірі додалардың бірі. Сондықтан, кез келген жүлде бізге өте қажет, әрі бағалы. Ал біз бірден екі медаль жеңіп алдық — алтын және күміс!

Мұндай жетістікке жеткенімізге өте қуаныштымын. Бұл бізге алдағы жарыстарға үлкен сенімділік береді. Бірақ демалуға уақыт жоқ. Келесі жарыс — Әлем чемпионаты, одан кейінгісі — Әлем кубогы кезеңдері. Жалпы, жарыстар жалғаса береді, өйткені Олимпиадаға жолдама алу үшін ұпай жинауымыз керек.

Сондай-ақ, әрдайым өзіңнің командалас әріптесіңмен бірге халықаралық жарыстарда жеңіс  тұғырына көтерілген ерекше қуаныш сыйлайды. Вадимді жүлдесімен құттықтағым келеді. Оның да жеңіс тұғырында тұрғаны тамаша сезім. Себебі, біз бірге жаттығып, көп сәттерді бірге өткеріп жүрміз,» — деп бөлісті Киреев.

Айта кетейік, Вадим Куралес ерлер арасындағы спринт жарысында күміс жүлде иеленді.