logo

Ресми түрде Жәнібек Әлімханұлының үш әлем чемпионы атағы үшін жекпе-жегі жарияланды

Ресми түрде Жәнібек Әлімханұлының үш әлем чемпионы атағы үшін жекпе-жегі жарияланды

WBO және IBF нұсқалары бойынша әлем чемпионы, қазақстандық Жәнібек Әлімханұлы WBA белбеуінің иегері Эрисланди Ларамен жекпе-жек өткізеді, деп хабарлайды Sport+.

Бұл туралы ресми түрде Top Rank промоутерлік компаниясы хабарлады.

Орта салмақтағы үш әлем чемпионы атағы үшін жекпе-жек жеңіліс көрмеген қазақстандық пен кубалық боксшы арасында 6 желтоқсанда өтеді. Бұл кездесу Premier Boxing Champions ұйымының Сан-Антонио (Техас, АҚШ) қаласындағы «Фрост Банк Центрінде» өтетін бокс кешіндегі қос басты жекпе-жектердің бірі болмақ.

Кештің басты жекпе-жегінде мексикалық Исаак Крус пен америкалық Ламонт Роуч шаршы алаңға шығады.

Айта кетейік, Әлімханұлы мен Лара арасындағы кездесудің жеңімпазы орта салмақта үш нұсқа бойынша әлем чемпионы атанып, барлық белбеуді біріктіру үшін тек WBC титулын (оның иесі — доминикандық Карлос Адамес) жеңіп алуы қажет болады.

Жәнібек соңғы рет 2025 жылдың сәуір айында Астанада жекпе-жек өткізіп, өз белбеуін қорғаған еді. Оның кәсіби рекорды — 17 жеңіс (оның 12-сі нокаутпен) және бірде-бір жеңіліс жоқ.

Эрисланди Лараның рекорды — 31 жеңіс пен 3 жеңіліс. Кубалық боксшы соңғы жекпе-жегін 2024 жылдың қыркүйегінде өткізген.



Күн шежіресі