«Реалдың» финалдағы қарсыласы кім болады? Испания кубогының жартылай финалында «Атлетико» — «Барселона» матчын қайдан көруге болады?

2-3 сәуірге қараған түні Мадридте 2024-25 жылғы Испания Кубогының жартылай финалының жауап матчы «Атлетико» мен «Барселона» арасында өтеді.
Алғашқы ойын 4:4 есебімен аяқталып, голға бай нағыз спектакль болды. Сондықтан жанкүйерлер жауап матчында да дәл сондай қызу тартыс пен көп гол күтеді.
Қос команда үшін де мотивация жоғары, себебі финалда оларды «Реал Мадрид» күтіп тұр. «Корольдік клуб» жартылай финалда «Реал Сосьедадты» жалпы есепте жеңіп, финалға жолдама алған болатын.
Симеоне шәкірттері финалға шығып, Чемпиондар Лигасында пенальти сериясында кеткен есені «Реалдан» қайтаруды көздесе, каталондықтар Суперкубокта жеңгеннен кейін, басты қарсыласын тағы бір трофейден айыруды жоспарлап отыр.
Айта кетейік, биылғы маусымда «Атлетико» мен «Барселона» үш рет кездесіп, чемпионатта қонақтағы жеңістермен алмасты, ал Кубоктың алғашқы жартылай финалында 4:4 есебімен тең түсті.
«Метрополитано» стадионынан тікелей көрсетілім Sport+ Qazaqstan телеарнасынан, сондай-ақ sportplustv.kz сайтында қолжетімді болады.