logo

ҚФФ мен Футболшылар кәсіподағы ойыншылардың құқықтарын қорғау және әлеуметтік қолдау мәселелерін талқылады

ҚФФ мен Футболшылар кәсіподағы ойыншылардың құқықтарын қорғау және әлеуметтік қолдау мәселелерін талқылады

Футболшының құқығын қорғау, денсаулық сақтау,  мансабы аяқталған соң әлеуметтік және кәсіби бейімделуі: Астанада ҚФФ мен Қазақстан футболшылар кәсіподағы өкілдерінің жұмыс кездесуі өтті, деп хабарлайды Sport+ Қазақстан футбол федерациясына сілтеме жасап. 

Кездесуге ҚФФ бас хатшысы Давид Лория, кәсіподақ басқармасының төрағасы Асхат Тағыберген және ұйымның бас хатшысы Олжас Абраев қатысты.

Кездесуде футболшылардың денсаулығын сақтау және құқығын қорғау, сондай-ақ мансабы аяқталғаннан кейін оларды әлеуметтік және кәсіби бейімдеу мәселесі талқыланды. Өз кезегінде ҚФФ өкілдері бұрынғы ойыншыларды қайта даярлап, футбол саласындағы еңбек жолын жалғастыруға мүмкіндік беретін FIFA және UEFA білім беру бағдарламалары аясында ынтымақтастық орнатуды ұсынды.

Кәсіподақ өкілдері ҚФФ-ны қазіргі қызметімен таныстырды. Олар FIFA және FIFPro ұйымдарымен ойыншылардың құқығын қорғау мәселелері бойынша бірлесе жұмыс істеп, антидопинг ережелерін сақтау саласындағы ақпараттық және алдын алу жұмыстары, құқықтық қолдау, сондай-ақ футболшылардың кәсіби деңгейін арттыруға бағытталған білім беру семинарларын өткізуді жоспарлап отыр.

Тараптар ойыншылардың құқықтық және әлеуметтік кепілдігін нығайтып, отандық футболда кәсіби ортаны тұрақты түрде дамыту үшін бірлесе жұмыс жүргізуге дайын екенін жеткізді.



Күн шежіресі