Қазақстанның тағы бір қаласында заманауи жабық футбол стадионы салынады
 
                                            Өскемен қаласында UEFA-ның үшінші санатына сай келетін заманауи жабық футбол стадионы салу жоспарланып отыр, деп хабарлайды Sport+ порталы YK-news.kz сайтына сілтеме жасап.
Айтылғандай, бұған дейін қала футболшылары ашық алаңдарда — «Алтай» және «Восток» стадиондарында ойын өткізетін. Бұл нысандар аймақтық турнирлерге жарамды болғанымен, халықаралық стандарттарға сәйкес келмейді.
Жаңа нысан өңірдің футбол инфрақұрылымын дамытудағы маңызды қадам болмақ. Дереккөз мәліметінше, стадион кемінде 4 500 көрерменге арналған болады. Онда заманауи жарықтандыру жүйесі, алаңды жылыту немесе сертификатталған жасанды төсеніш, жайлы киім ауыстыру бөлмелері, электронды турникеттер, сондай-ақ БАҚ өкілдері, VIP-қонақтар және телетрансляция аймақтары қарастырылады.
Стадион салу бастамасын Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Тәуелсіздік күніне орай жариялап, 15 жылдан кейін алғаш рет аймаққа Қазақстан Премьер-лигасына жолдама алып берген «Алтай» клубының футболшыларын құттықтады.
 
    