Қазақстандық үш теннисші Astana Asu Open турнирінің жартылай финалына жолдама алды
Астанада Президент кубогы сериясы аясында өтіп жатқан World Tennis Tour M15/W15 Asu Open халықаралық турнирінде жартылай финалға жолдама алған спортшылар анықталды. Жүлде үшін күресті қазақстандық үш теннисші жалғастырады.
Ерлер арасындағы M15 санатында 18 жастағы Заңғар Нұрланұлы жартылай финалға шықты. Ол ширек финалда израильдік Дэн Брандты үш сетке созылған тартысты кездесуде 6:7 (4:7), 6:4, 6:1 есебімен жеңді. Бұл нәтиже Заңғардың ересектер арасындағы ITF World Tennis Tour жарыстарындағы алғашқы жартылай финалы болды. Финал жолдамасы үшін ол ресейлік Григорий Щебкинмен кездеседі.
Жартылай финалға жолдама алған тағы бір қазақстандық – Дамир Жалғасбай. Ол ширек финалда өз отандасы Әмір Омархановты 6:1, 6:2 есебімен сенімді түрде жеңді. Келесі кезеңде Жалғасбайдың қарсыласы ресейлік Петр Бар-Бирюков болады.
Әйелдер арасындағы W15 турнирінде 16 жастағы Ева Корышева үздік төрттікке енді. Ол ширек финалда Инкар Дүйсебайды 6:3, 6:4 есебімен жеңіп, жартылай финалға жолдама алды. Бұған дейін Дүйсебай турнирдің бірінші ракеткасы Екатерина Маклакованы жарыс жолынан шығарып, күтпеген нәтижеге қол жеткізген болатын. Енді Корышева финалға шығу үшін ресейлік Эдда Мамедовамен күш сынасады.
Ширек финалда Қазақстанның тағы екі теннисшісі жарысты аяқтады. Асылжан Арыстанбекова ресейлік Дарья Зеленскаядан 2:6, 6:1, 2:6 есебімен жеңілсе, Айя Нұпбай Виктория Миловановаға 3:6, 6:7 (2:7) есебімен есе жіберді.
Турнирдің жартылай финалдық кездесулері 1 тамыз күні Астанадағы «Beeline Arena» Ұлттық теннис орталығының корттарында өтеді.
Барлық маңызды спорттық оқиғаларды BeeTV-ден тамашала!