Қазақстандық файтер UFC-дегі екінші жекпе-жегін турнирге 4 күн қалғанда қабылдады

Қазақстандық жауынгер 23 ақпанға қараған түні Сиэтлде өтетін UFC Fight Night 252 турнирінде өнер көрсетеді, деп хабарлайды Sport+.
Кештің басты жекпе-жегінде жеңіл салмақтағы екі үздік файтер — Генри Сехудо (№ 7 дивизион) мен Сонг Ядонг (№ 8) кездеседі.
Веретенниковтың қарсыласы — американдық Остин Вандерфорд (12-2), ол UFC-де дебют жасайды. Бұған дейін америкалық Bellator-да жұдырықтасқан — онда оның рекорды 5:2, соңғы екі жекпе-жегінде жеңілген. Ал өзінің соңғы жекпе-жегін 34 жастағы Остин Вандерфорд 2024 жылдың қазан айында LFA-да өткізіп, бразилиялық Виктор Ромероны (13-8) бірінші раундта нокаутқа жіберген.
35 жастағы Веретенников UFC-мен келісімшартты 2024 жылдың шілде айының соңында жасасқан, ал 10 тамызда қысқа мерзімде Дэнни Барлоуға (ММА-да 9-0, UFC-де 2-0) қарсы шығып, төрешілердің шешімімен жеңілген.
Екінші жекпе-жек 15 ақпанда UFC Vegas 102 турнирі аясында америкалық Билли Гоффқа қарсы өтуі тиіс еді, бірақ қазақстандық спортшы жұмыс визасына байланысты жекпе-жектен шығып қалды.
Веретенников Сарыағаш қаласында туған, 2015 жылы ММА мансабы үшін АҚШ-қа көшіп кеткен. Америкада ол FURY FC және UFL чемпионы атанды, ал 2021 жылы Дана Уайттың үміткерлер сериясына қатысып, сол кезде Майкл Моралеске (қазіргі рекорды 17-0) шешіммен жеңілген.