Қазақстан кубогы U14: ұлдар арасында плей-офф кезеңінің қатысушылары анықталды
Шымкентте ұлдар арасында 14 жасқа дейінгі теннисшілер арасындағы Қазақстан кубогының топтық кезеңі аяқталды. Турнирдегі жеңіс үшін сегіз үздік команда күресті жалғастырады.
А тобында үш кездесудің барлығында жеңіске жеткен Ақтөбе облысының құрамасы бірінші орын алды. Соңғы турда ақтөбеліктер Қарағанды облысын 2:1 есебімен жеңді. Қарағанды командасы топтық кезеңді екінші орында аяқтады.
B тобында Алматы-1 командасы үш жеңіске қол жеткізіп, бірде-бір командалық кездесуде қарсыластарына есе жіберген жоқ. Екінші орынды Жетісу облысының құрамасы иеленді.
C тобының жеңімпазы Шымкент командасы атанды. Шымкенттіктер де топтық кезеңді жеңіліссіз аяқтады. Плей-оффтың жоғарғы бөлігіне екінші жолдаманы Астана-2 командасы иеленді.
D тобында Астана-1 командасы бірінші орын алды. Соңғы кездесуде елордалықтар Алматы-2 командасын 2:1 есебімен жеңді. Алматы-2 топта екінші орынға тұрақтады.
Топтық кезеңнің қорытындысы бойынша үздік сегіздікке Ақтөбе, Қарағанды және Жетісу облыстарының құрамалары, сондай-ақ Астана-1, Астана-2, Алматы-1, Алматы-2 және Шымкент командалары енді.
1–8-орындар үшін плей-офф жұптары:Ақтөбе облысы — Астана-2
Алматы-2 — Алматы-1
Шымкент — Жетісу облысы
Қарағанды облысы — Астана-1
9–16-орындар үшін Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Қызылорда, Ақмола, Қостанай, Атырау, Жамбыл және Батыс Қазақстан облыстарының құрамалары күресті жалғастырады.
Қазақстан кубогы U14 турнирінің шешуші кезеңінің матчтары Шымкенттегі «Beeline Arena» корттарында өтіп жатыр. Турнир 29 тамызда аяқталады.
Барлық маңызды спорттық оқиғаларды BeeTV-ден тамашала!