PlayTime Dota 2 чемпионы атанды, футболда – жігерлі жеңістер, CS2-де – тактикалық басымдық: Астанадағы «Болашақ ойындары 2026» турнирінің сегізінші күнінің қорытындысы
Samruk-Kazyna қолдауымен өтіп жатқан халықаралық мультиспорттық «Болашақ ойындары 2026» (GOTF 2026) турнирінің сегізінші жарыс күні аяқталды.
Турнир шешуші кезеңге аяқ басты. Dota 2 дисциплинасында алғашқы чемпион анықталып, MLBB, Phygital Shooter және Phygital Football жарыстарындағы командалар плей-офф алдындағы позицияларын нығайтты.
MOBA PC Dota 2 presented by Centercredit
PlayTime командасы финалда Yakult Brothers ұжымын best-of-five форматындағы кездесуде 3:0 есебімен ойсырата жеңіп, чемпион атанды. Жеңімпаздар 350 мың АҚШ долларын иеленсе, Yakult Brothers 160 мың доллармен марапатталды.
Үшінші орын үшін өткен кездесуде Team Resilience қазақстандық Rune Eaters командасын 2:0 есебімен жеңді. Бірінші карта 34 минут 15 секундқа, екіншісі 28 минут 38 секундқа созылды. Team Resilience үшінші орынға берілген 120 мың долларды еншілесе, төртінші орын алған Rune Eaters 70 мың доллар алды.
Team Resilience ойыншысы Конгбо «Niu» Ли жеңіске қатысты пікірін бөлісті:
«Бұл — командамыздың қол жеткізген ең үздік нәтижелерінің бірі. Ойыннан үлкен ләззат алдым. Бірінші картада екі командаласымның айқын басымдыққа ие болғанын естіген сәтте-ақ матчты сенімді аяқтайтынымызды түсіндім. Ал екінші картада қарсыластың Sand King кейіпкерін ортаңғы дәлізде бірнеше рет жеңгеннен кейін жеңіс біз жақта болатынына күмәнім қалмады».
Турнирді төртінші орынмен аяқтаған Rune Eaters құрамының ойыншысы Әлім «aik» Беспаев команданың эмоционалдық жағдайына тоқталды:
«LGD.Pinghu командасын жеңген сәттегі эмоцияларымыз ерекше болды. Олар ең мықты қарсыластардың бірі еді. Сол жеңістен кейін бәріміздің чемпион болуға деген сеніміміз артты. Yakult Brothers-ты да жеңеміз деп ойладық, бірақ бәрі жоспардағыдай болмады. Кешегі жеңіліс бізге қатты әсер етті. Сондықтан бүгінгі ойында сергектігіміз жетіспеді».
Phygital Shooter CS2 presented by Yandex GO
Team KZ тактикалық тұрғыдан өте сауатты ойын көрсетіп, Liga Pro Team командасын 2:1 есебімен жеңді. Цифрлық кезеңде қазақстандық ұжым толық үстемдік танытып, Mirage картасында — 13:2, Dust2 картасында — 13:9 есебімен басым түсті.
Team KZ ойыншысы Руслан Боржиков:
«Liga Pro турнир фавориттерінің бірі болғандықтан, бұл матчқа өте мұқият дайындалдық. Арнайы ойын жоспарын құрдық. Барлық ұсақ-түйекті есептегеннен кейін CS бөлігінде жеңетінімізге сенімді болдым».
Физикалық кезеңде (лазертаг) Liga Pro Team жеңіске жеткенімен, Боржиков бұл бөлімді команда тактикаларын сынақтан өткізу үшін пайдаланғанын айтты:
«Liga Pro лазертагтағы ең мықты командалардың бірі саналады. CS карталарында жеңіске жеткен соң нәтижеден гөрі жаңа тактикаларды сынап көруге мән бердік. Иә, лазертагта жеңілдік, бірақ жігіттер дұрыс қорытынды жасады. Егер тағы кездесетін болсақ, жақсы қарсылық көрсетеміз».
Phygital Football UFL presented by Samruk-Kazyna
Жергілікті UEL Team клубы FC 10 командасын жалпы есепте 2:1 есебімен жеңді. Цифрлық кезең 1:1 есебімен аяқталды, ал алаңдағы ойында UEL Team жалғыз гол соғып, жеңісті сақтап қалды.
Амир «Amirr4iik» Желкібаев:
«Жоспарымыз цифрлық кезеңде басымдық алып, кейін футбол алаңында нәтижені ұстап тұру болатын. Бірақ бәрі ойлағандай болмады. Біз физикалық кезеңді екінші тайм ретінде қабылдаймыз. Есеп 0:0 деп елестетіп, өз ойынымызды көрсетеміз».
Оның әріптесі Қасиет «Goalcyber» Оңғарбек:
«Кеше қиын матч болды. Алғаш болып гол жіберіп алдық, бірақ екінші таймда есепті теңестірдік. Қателіктер болды, олармен жұмыс істейміз. Кейін футболшыларымыз алаңда өздерінің мықты екенін дәлелдеді. Аргентина командасына пенальти сериясында жол бердік. Соның нәтижесінде топтан үшінші орынмен шықтық. Бүгінгі цифрлық кезеңдегі ойынымыз — біздің деңгей емес. Біз бұдан да жақсы ойнай алатынымызды білеміз. Күніне кемінде сегіз сағат дайындаламыз».
Күннің ең жарқын камбэгін Tamo Junto жасады. Команда Noname Club ұжымын 4:3 есебімен жеңді. Цифрлық кезеңде 1:3 есебімен ұтылып жатқан бразилиялықтар футбол алаңында жауапсыз үш гол соқты.
Джонатас «mlkjhow» Де Кастро:
«Біз үшін ең қиын бөлік — UFL ойыны болды, өйткені кәсіби киберспортшыларымыз жоқ. Бірақ көп дайындалдық. Цифрлық кезеңде 1:3 болған соң, сол айырмашылықты алаңда қайтардық. Фавориттер туралы айтсам, бірінші — біз, екінші — Peñarol. Олар өте ұйымшыл команда».
Уругвайлық Peñarol өз мәртебесін тағы бір мәрте дәлелдеп, ACF x Allur командасын 4:2 есебімен (цифрлық кезеңде — 2:1, алаңда — 2:1) жеңді.
Томас «Tom» Гауна:
«Біз — біртұтас командамыз және мұны күн сайын дәлелдеп келеміз. Ешкімнен қорықпаймыз, бірақ барлық қарсыласқа құрметпен қараймыз. Ширек финалда әлсіз команда болмайды. Бұл — менің үшінші фиджитал ойындарым. Астанадағы атмосфера жыл сайын жақсарып келеді, бізді өте жылы қарсы алды».
MOBA Mobile MLBB presented by FREEDOM
Bigetron by Vitality командасы күнді FUT Esports ұжымын 2:0 есебімен сенімді жеңуден бастады. Бірінші карта 14 минут 20 секундта, екіншісі 12 минут 6 секундта аяқталды.
Команда ойыншысы Эман «Emann» Сангко:
«Біздің ойынымыз мінсіз болды деп айта алмаймын. Бірақ әр матчта бар күшімізді салып, идеал ойынға жақындай түсуге тырысамыз. Бұл — менің Қазақстанға алғаш келуім. Жергілікті жанкүйерлердің қолдауын асыға күтіп жүрмін».
FUT Esports ойыншысы Мұстафа Еге «Saiki» Акин:
«Бүгін жеңілдік, әрине, бұл көңілсіз. Бірақ ертеңгі матчтарға назар аударып отырмын. Қарсылас командада достарым бар. Турнир өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Ертең бізге сәттілік тілеймін».
6 тамыз күні Phygital Dancing presented by Solidcore Resources дисциплинасы басталады. Сонымен қатар Phygital Football, Phygital Shooter CS2 және MOBA Mobile MLBB жарыстары бойынша кезекті толық ойын күні өтеді.